«Екінші қол» сервисі: алаяқтардан қорғанудың тиімді тәсілі

Қазіргі таңда телефон алаяқтары азаматтарды асығыс шешім қабылдауға итермелейтін түрлі айла-тәсілдерді қолдануда. Әсіресе егде жастағы адамдар жиі олардың құрбанына айналады. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында банктер «Екінші қол» сервисін енгізуде.

Бұл қызметтің жұмыс істеу қағидаты қарапайым. Клиент алдын ала өзі сенетін адамды – жұбайын, ересек баласын немесе жақын туысын таңдайды. Егер клиент ірі көлемдегі ақша аудару, қомақты қаражатты шешіп алу немесе депозитті жабу сияқты тәуекелі жоғары қаржылық операция жасамақ болса, банк сенімді тұлғаға қосымша растау туралы хабарлама жібереді.

Маңыздысы – сенімді тұлға клиенттің шотына немесе ақшасына қол жеткізе алмайды. Оның міндеті – операцияның клиенттің өз еркімен жасалып жатқанына көз жеткізу.

Мұндай қосымша бақылау алаяқтардың әрекетіне тосқауыл болады. Өйткені олар көбіне адамдарды қорқытып, асықтырып, жақындарымен ақылдасуға мүмкіндік бермеуге тырысады. Ал «Екінші қол» сервисі жағдайды сабырмен бағалап, дұрыс шешім қабылдауға уақыт береді.

Мамандар бұл қызметтің тек зейнеткерлерге ғана емес, цифрлық сервистерді сирек пайдаланатын немесе өз қаражатына қосымша қорғаныс жасағысы келетін барлық азаматтарға пайдалы екенін айтады.

Сонымен қатар, ешбір сервис қаржылық сауаттылықтың орнын баса алмайды. Сондықтан бөгде адамдарға SMS арқылы келген кодтарды, банк картасының деректерін және CVV-кодын ешқашан хабарламаңыз, белгісіз адамдардың өтінішімен қосымшалар орнатпаңыз және күмәнді жағдайларда банктің ресми байланыс орталығына немесе жақындарыңызға хабарласыңыз.

Дереккөз: ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Fingramota.kz порталы. «Алаяқтардан қорғануға көмектесетін «Екінші қол» сервисі» материалы негізінде дайындалды.