Құрылтай сайлауы – ел болашағына жауапкершілікпен қараудың көрінісі.
23 тамыз күні елімізде жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды тарихи кезең. Алдағы бес жылда ел дамуына бағыт беретін заңдар мен шешімдердің қабылдануына ықпал ететін өкілдерді таңдау – әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігін айқындайтын маңызды қадам.
Зеренді ауданының Аналар кеңесі еліміздің тұрақты дамуы, қоғамдық келісім мен бірліктің нығаюы әр азаматтың белсенді ұстанымына байланысты екенін атап өтеді. Әсіресе, отбасы құндылықтарын дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі көрсететін аналардың қоғамдағы рөлі ерекше. Балаларымыздың бойына елжандылықты, заңға құрметті және азаматтық жауапкершілікті сіңіру – біздің ортақ міндетіміз.
Құрылтай сайлауы – халықтың пікірін білдіруге, ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетуге берілген мүмкіндік. Әрбір дауыс – мемлекетіміздің ертеңіне қосылған нақты үлес.
Бүгінде елімізде әділетті қоғам құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Осы өзгерістердің табысты жалғасуы азаматтардың белсенділігі мен саяси мәдениетіне тікелей байланысты.
Осыған орай, Зеренді ауданының Аналар кеңесі аудан тұрғындарын 23 тамыз күні өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына белсенді қатысуға шақырады. Өз таңдауыңызды жасап, ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымыңызды білдіріңіз.
Бірлігіміз бекем, мемлекетіміз мәңгі болсын!
А.Малик – Зеренді ауданы Аналар кеңесінің төрағасы
