Ақмола облысында 61 азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтуде
Өңірде 61 азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтуде. Бұл тетік тұрақты табысы немесе жеткілікті мүлкі бар азаматтарға берешегін жеке жоспар негізінде кезең-кезеңімен өтеуге мүмкіндік береді.
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Тобыл Демесинов брифинг барысында атап өткендей, рәсім сот арқылы жүргізіледі. Азамат өтінішті өзі беріп, табысы, берешегі және мүлкі туралы мәліметтерді ұсынады.
Іс қозғалғаннан кейін берешекті өндіріп алу тоқтатылады. Сонымен қатар тиісті міндеттемелер бойынша тұрақсыздық айыбы мен сыйақы есептеу де тоқтатылады.
Егер сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін мақұлдаса, азамат үшін жеке жоспар әзірленеді. Онда төлемдерді бөліп төлеу немесе кейінге қалдыру, пайыздық мөлшерлемені төмендету, ай сайынғы төлем көлемін азайту немесе берешектің бір бөлігін кешіру сияқты шаралар қарастырылуы мүмкін.
Жоспарды орындау мерзімі, әдетте, бес жылға дейін созылады. Бұл ретте оның талаптары азаматтың нақты қаржылық жағдайы мен берешекті өтеу мүмкіндіктерін ескере отырып қалыптастырылады.

