ℹ️ Тыныштық күні: жалған ақпараттың сайлау туралы көзқарасыңызға ықпал етуіне жол бермеңіз
Құрылтай депутаттарының сайлауы алдындағы тыныштық күні қарсаңында Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы аталған кезеңнің жалған әрі манипуляциялық ақпарат тарату мақсатында пайдаланылуы мүмкін екеніне назар аударады және ақпаратты тек сенімді дереккөздерден алудың маңыздылығын еске салады.
Соңғы апталарда сайлау процесіне қатысты жалған және манипуляциялық ақпарат таратуға бағытталған түрлі әрекеттер тіркелді. Бұл ретте танымал тұлғалардың атынан жасалған жалған аккаунттар мен мәлімдемелер, жасанды интеллект және дипфейк технологиялары арқылы дайындалған материалдар, сондай-ақ контекстен үзіп алынған фото, видео және аудиожазбалар кеңінен қолданылады.
Тыныштық күні және тікелей дауыс беру күні осындай сипаттағы жаңа материалдардың пайда болуын жоққа шығаруға болмайды. Атап айтқанда, орын алды делінген заңбұзушылықтар туралы хабарламалар, мемлекеттік органдардың жалған мәлімдемелері, саяси және қоғам қайраткерлерінің мүмкін емес уәделері, қойылымдық бейнероликтер, қолдан жасалған скриншоттар немесе осы ақпаратты дереу таратуға үндейтін эмоцияға құрылған жарияланымдар таратылуы мүмкін.
Жалған ақпаратты таратудың жекелеген тәсілдерінің бірі – оның жаппай таралғаны туралы әсер қалыптастыру. Бір мазмұндағы тезис бір мезгілде әртүрлі парақшаларда жарияланып, көптеген пікірлермен, репосттармен және басқа да жарияланымдармен қатар жүруі мүмкін. Алайда бірдей мазмұндағы хабарламалардың көптеп таралуы олардың шынайылығын өздігінен растамайды.
‼️ Есте сақтаңыз: ақпараттың таралу жылдамдығы оның шынайылығының дәлелі емес.
Сол себепті, тыныштық күні немесе дауыс беру күні сайлау барысындағы заңбұзушылықтар, дауыс беру нәтижелері немесе сайлау комиссияларының әрекеттері туралы резонанс тудырған хабарлама кездессе, асығыс қорытынды шығаруға және оны бөлісуге асықпаңыздар.
Ақпаратты бағалап, төмендегіні тексеріңіз:
🔺 жарияланым сізде күшті эмоция тудырып, дереу әрекет етуге итермелеуге тырыспай ма;
🔺 танымал тұлғаның жалған аккаунты немесе қолдан жасалған бейнесі пайдаланылмаған ба;
🔺 фото, видео немесе аудиожазба басқа жағдайдан не оқиғадан алынып, бастапқы контекстен ажыратылмаған ба;
🔺 ақпарат ресми ресурстарда расталған ба.
Егер ақпарат көзін және материалдың шығу тегін анықтау мүмкін болмаса, оны әрі қарай таратпаған жөн.
Сондай-ақ күмәнді ақпаратты чаттарға жаппай бөлісу, әлеуметтік желілерде жариялау немесе оған назар аударуға шақыру арқылы өз бетінше «тексеруге» болмайды. Хабарламада «тексеріңіз», «шұғыл таратыңыз» немесе «мұны жасырып отыр» деген сөздердің болуы ақпараттың шынайылығын дәлелдемейді.
Құқықтық салдарды да ескерген жөн. Көрінеу жалған ақпаратты тарату оның мазмұны мен нақты жағдайларға байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Тыныштық күні – бұл заңнамада белгіленген үгіт жұмыстарын аяқтауға арналған уақыт қана емес. Ол – ел өміріндегі маңызды оқиға қарсаңында ақпаратты сабырлы әрі байыпты қабылдап, эмоцияға негізделген ақпараттық ықпалдың өз көзқарасыңызға әсер етуіне жол бермеуге мүмкіндік беретін кезең.

