«Батамен ел көгерер»: сайлау учаскелерінде ақсақалдар ақ батасын берді Ақмола облысында сайлау күні ұлттық дәстүр мен азаматтық белсенділікті ұштастырған «Батамен ел көгерер» акциясы ұйымдастырылды. Дауыс беруге келген елге сыйлы азаматтар мен аға буын өкілдері өз таңдауын жасағаннан кейін ақ батасын беріп, елдің амандығы мен халықтың бірлігіне қатысты ізгі тілектерін білдірді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Қазақ халқының дәстүрінде бата – үлкеннің кейінгі ұрпаққа жол көрсетіп, ақ ниетін білдіруінің ерекше үлгісі. «Батамен ел көгерер» деген сөздің өзінде елдің берекесі мен болашағына деген ізгі тілек жатыр. Сайлау күні бұл дәстүрдің жаңғыруы ұлттық құндылық пен азаматтық жауапкершіліктің сабақтастығын көрсетті.
Дауыс беріп болғаннан кейін ақсақалдар мен елге еңбегі сіңген азаматтар жастарға, сайлаушыларға және жалпы ел-жұртқа ақ тілектерін арнады.
«Бүгін әр азамат өз таңдауын жасап, ел өміріне қатысты маңызды іске атсалысып жатыр. Қазақта үлкеннің батасын алу – жақсы істің бастауы. Сондықтан барша елге амандық, халыққа бірлік, жастарға жарқын болашақ тілеймін. Еліміз тыныш, жұртымыздың берекесі арта берсін», – деді елге сыйлы ақсақал Қанат Әлімбаев.
Акцияға қатысқан аға буын өкілдері үшін де бұл күннің мәні ерекше. Олар өз азаматтық міндетін орындап қана қоймай, ұлттық дәстүрді кейінгі ұрпаққа дәріптеуге мүмкіндік алды. Ақ батаның жастарға бағытталуы ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды.
Сайлау учаскесінде айтылған баталарда елдің тыныштығы, халықтың бірлігі, ұрпақтың амандығы мен мемлекеттің өркендеуі секілді ортақ құндылықтар кеңінен қамтылды.
«Батамен ел көгерер» акциясы осылайша сайлау күнінің мазмұнын ұлттық рухпен толықтырды. Бұл – қазіргі қоғамдық өмір мен ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрдің өзара үйлесім табуының көрінісі.
Ақсақалдың батасы – өткеннің өнегесі мен келешекке деген ақ тілектің арасын жалғайтын рухани көпір. Ал ел болашағы үшін жасалған әрбір саналы таңдау осы ақ ниетпен сабақтасып, ұрпақтар жалғастығын нығайта түседі.

