Құрылысшылар еңбек үстінен сайлау учаскесіне келді Қосшы қаласындағы №748 сайлау учаскесінде сайлау күні еңбек адамдарының азаматтық белсенділігін көрсеткен ерекше көрініс орын алды. Құрылыс саласында еңбек етіп жүрген жұмысшылар арнайы қорғаныс киімдерін киіп, жұмыс арасындағы уақытын пайдаланып, өз таңдауын жасау үшін сайлау учаскесіне келді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Құрылысшылар үшін жұмыс ырғағы үнемі қарқынды. Нысандардың уақытында аяқталуы, белгіленген жоспардың орындалуы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы күнделікті еңбекті талап етеді. Соған қарамастан, олар ел өміріндегі маңызды қоғамдық оқиғадан шет қалмай, сайлауға қатысуды жөн көрді.
Құрылыс киімімен келген азаматтардың сайлау учаскесіндегі көрінісі еңбек пен азаматтық жауапкершіліктің қатар жүретінін көрсетті. Олар үшін елдің дамуына үлес қосу тек кәсіби міндетпен шектелмейді.
«Біз күн сайын құрылыс алаңында еңбек етіп, қаланың дамуына өз үлесімізді қосып жүрміз. Бүгін жұмыс арасынан уақыт тауып, сайлау учаскесіне бірге келдік. Әр азамат өз таңдауын жасауы керек деп есептеймін. Өйткені елдің болашағына қатысты мәселелерге бейжай қарауға болмайды», – деді құрылыс саласының қызметкері.
Құрылысшылардың айтуынша, сайлауға қатысу үшін жұмыс кестесін алдын ала жоспарлауға болады. Ең бастысы – өз азаматтық құқығыңды пайдаланып, ел өміріндегі маңызды мәселелерге қатысты ұстанымыңды білдіру.
№748 сайлау учаскесіне арнайы экипировкамен келген құрылысшылардың бұл қадамы еңбек адамдарының қоғамдық өмірге белсенді араласатынын көрсетті.
Елдің дамуы әр саланың еңбегінен құралады. Бірі өндірісте, бірі егістікте, енді бірі құрылыс алаңында еңбек етеді. Ал сайлау күні олардың барлығын біріктіретін ортақ құндылық – ел болашағына деген жауапкершілік.

