Ақмола облысында қоғамдық бақылаудың тиімді тетіктері талқыланды

Макинск қаласында қоғамдық кеңестердің өкілдері бас қосып, әлеуметтік нысандарға қоғамдық бақылау жүргізудің тиімді жолдарын ортаға салды

Макинск қаласында «Қоғамдық бақылау: құралдар, тетіктер және үздік тәжірибелер» тақырыбында диалог алаңы өтті. Іс-шара Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.

Жиынның басты мақсаты – қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың тиімді құралдарын талқылау, өңірдегі қоғамдық кеңестер арасында тәжірибе алмасу және әлеуметтік әрі коммуналдық инфрақұрылым нысандарына бақылау жүргізу тетіктерін жетілдіру.

Диалог алаңына Ақмола облысы мен Көкшетау қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері, аудан-қалалардағы қоғамдық кеңестердің төрағалары мен хатшылары, мемлекеттік органдардың, мердігер ұйымдар мен техникалық қадағалау өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.

Іс-шараның практикалық бөлігінде қатысушылар екі жұмыс тобына бөлініп, Макинск қаласындағы білім беру нысаны мен Орталық саябақта қоғамдық бақылау жүргізді. Олар нысандардағы жұмыстардың орындалу барысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстың сапасы мен белгіленген мерзімдерге сәйкестігін талқылады. Сонымен қатар жауапты мамандарға сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді.

Мұндай форматтың маңызы – қоғамдық бақылаудың тек есеп немесе пікір алмасу деңгейінде қалмай, нақты нысанға барып, атқарылған жұмысты көзбен көріп, туындаған мәселелерді жауапты тұлғалармен бірге талқылауға мүмкіндік беруінде.

Жиында «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қоғамдық бақылаудың негізгі міндеттерінің бірі – заң талаптарының сақталуына, мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына, әлеуметтік нысандардағы жұмыстардың сапалы әрі белгіленген талаптарға сәйкес орындалуына азаматтық қоғамның қатысуын қамтамасыз ету.

– Қоғамдық бақылаудың мақсаты тек кемшілік анықтау емес. Ең маңыздысы – мәселені дер кезінде байқап, оны заң аясында шешуге ықпал ету. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен қоғам арасында ашық әрі сындарлы диалог болуы қажет, – деген пікірлер айтылды жиын барысында.

Диалог алаңының екінші бөлімінде қоғамдық кеңестердің қоғамдық бақылаудағы рөлі, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, анықталған мәселелерге ден қою және азаматтардың әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар Ақмола облысының аудандары мен қалаларындағы қоғамдық кеңестер өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар қоғамдық бақылаудың тиімді құралдары, мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс және оң тәжірибелерді басқа өңірлерде қолдану мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

Жиын соңында қоғамдық бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіру, азаматтардың әлеуметтік жобаларға қатысуын кеңейту және қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты күшейту жөнінде бірқатар ұсыныс айтылды.

Жалпы, мұндай кездесулер қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, әлеуметтік маңызы бар жобалардың сапалы әрі ашық жүзеге асуына ықпал етеді. Ал бұл – заң талаптарын сақтау мен «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде орнықтырудың нақты көрінісі.