Ақмола облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған 10 жаңа кабинет ашылды
Жаңа оқу жылының басталуына орай Ақмола облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған 10 кабинет өз жұмысын бастады. Жаңа кабинеттер Көкшетау және Степногорск қалаларында, сондай-ақ Шортанды, Целиноград және Атбасар аудандарында ашылды.
Атап айтқанда, Көкшетау қаласында екі кабинет, Степногорск қаласында төрт кабинет, Шортанды және Целиноград аудандарының әрқайсысында бір-бір кабинеттен, ал Атбасар ауданында екі кабинет ашылды.
Көкшетау қаласындағы №6 мектепте инклюзивті білім беруді қолдау кабинетінің ашылуына Инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Марат Ибраев қатысты.
Марат Ибраев ұстаздарды, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, баршаға жемісті оқу жылын, білім алуда табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.
Инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерінің негізгі міндеттерінің бірі – әрбір оқушыға жеке және сараланған тәсілді қолдануды қамтамасыз ету. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға білім берумен қатар, олардың әлеуметтік бейімделуі мен қажетті дағдыларын дамытуға бағытталған кешенді қолдау қажет.
Әр кабинет үш функционалдық аймаққа бөлінген.Сенсорлық жеңілдету аймағы баланың тынышталуына, эмоционалдық тепе-теңдігін қалпына келтіруіне және сенсорлық жүктемені азайтуына мүмкіндік береді. Бұл аймақта жұмсақ диван, пуфтар немесе кресло-қаптар, шуды азайтуға арналған құлаққаптар, тактильді панельдер және басқа да қажетті құралдар қарастырылған.
Оқу-дамытушы аймақ жеке және шағын топтармен сабақ өткізуге арналған. Мұнда үстелдер мен орындықтар, магнитті немесе интерактивті тақта, дамытушы ойындар, карточкалар, көрнекі және басқа да оқу материалдары орналастырылған.
Қимыл-қозғалыс белсенділігі аймағы балалардың қозғалуына және дене белсенділігіне жағдай жасауға бағытталған. Аймақ жұмсақ модульдермен, массаждық және сенсорлық жолақтармен, доптармен және шағын гимнастикалық құралдармен жабдықталған.
Жаңа кабинеттердің ашылуы өңірде қолжетімді әрі инклюзивті білім беру ортасын дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда Ақмола облысында инклюзияны қолдауға арналған 138 кабинет жұмыс істейді. Олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуына, дамуына және қоғамға бейімделуіне қосымша мүмкіндік береді.

