Көкшетаудағы Tomorrow School-дың алғашқы студенттері қалай оқып жатыр
Мұғалімдер, инженерлер, сатушылар мен мемлекеттік қызметшілер жаңа мамандық игеруге шешім қабылдап, Көкшетаудағы тегін Tomorrow School IT мектебінде оқуды бастады. Алғашқы топқа 76 адам қабылданған. Олардың 91 пайызында бұған дейін IT саласы бойынша арнайы білімі болмаған. Бұл туралы брифингте кампус директоры Данияр Абдрашитов айтты.
Мектепке түсу үшін IT мамандығы бойынша диплом талап етілмейді. Алдымен үміткерлер төрт апталық іріктеуден – «Бассейннен» өтеді. Осы уақыт ішінде олар түрлі тапсырмаларды орындап, топпен жұмыс істейді және мәселелердің шешімін өз бетінше табуға үйренеді.
«Біз адамның бұған дейін қандай білім алғанына немесе IT саласында жұмыс істеген-істемегеніне мән бермейміз. Ең алдымен оның күрделі тапсырмаларды талдай алатынына, шешім іздейтініне және бірінші реттен нәтиже шықпаса да, берілмейтініне қараймыз», – деді Tomorrow School Көкшетау кампусының директоры Данияр Абдрашитов.
Мұнда жасы да, тәжірибесі де әртүрлі студенттер оқиды. Ең жасы 18-де болса, ең үлкені – 53 жаста. Студенттердің шамамен жартысы оқуын жұмыспен қатар алып жүр. Ал жартысынан көбі Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының аудандарынан Көкшетауға келген.
Оқу екі жылға созылады. Мұнда дәстүрлі дәрістерге басымдық берілмейді: студенттер материалдарды өздері оқып, жобалармен жұмыс істейді және бір-бірінің кодын тексереді.
Оқудың алғашқы бір жарым жылында студенттер 50-ден астам жобаны орындап, Golang, JavaScript, AI немесе Rust тілдері мен технологияларын меңгереді. Кейін жасанды интеллект пен киберқауіпсіздіктен бастап, мобильді қосымшалар әзірлеу және DevOps-қа дейінгі жеті бағыттың бірін таңдай алады.
Еске салайық, кампус 2026 жылдың жазында Шоқан Уәлиханов атындағы университет базасында ашылды. 18 қыркүйекте мұнда ашық есік күні өтеді. Сол күні қала тұрғындары мектеп туралы толығырақ біліп, жаңа топқа іріктеуден өтуге мүмкіндік алады.

