«Таза Қазақстан» бастамасы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық жоба ғана емес, қоғамда тазалықты, тәртіпті, жауапкершілікті және туған жерге деген жанашырлықты қалыптастыратын маңызды қоғамдық бастама.

Қазақ халқы ежелден «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп табиғатты аялауды, жер мен суды қадірлеуді ұрпаққа аманат еткен. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы ұлттық құндылықтарымызбен үндеседі. Себебі Отанға деген сүйіспеншілік үлкен істерден ғана емес, өз аулаңды, көшеңді, ауылыңды таза ұстаудан, туған жеріңнің көркеюіне үлес қосудан басталады.

Бастаманың ауқымдылығы да ерекше назар аудартады. Ел көлемінде экологиялық іс-шараларға миллиондаған азаматтың қатысуы – халықтың қоршаған ортаға деген көзқарасының өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Ағаш отырғызу, елді мекендерді тазарту, абаттандыру жұмыстарына атсалысу арқылы азаматтар ортақ іске өз үлесін қосуда. Бұл – қоғамдық бірлікті нығайтатын маңызды фактор.

Билер алқасы ретінде біз үшін «Таза Қазақстанның» тағы бір маңызды қыры – оның тәрбиелік мәні. Әсіресе жастардың экологиялық бастамаларға белсенді қатысуы қуантады. Жастар табиғатты қорғау арқылы туған жерге деген жауапкершілікті сезініп, кейінгі буынға үлгі көрсетуде. Мұндай азаматтық ұстаным елдің болашағы үшін аса қажет.

Тазалықты тек белгілі бір күндердегі акциямен шектемей, оны күнделікті өмір салтына айналдыру – баршамызға ортақ міндет. «Тазалық – иманның жартысы» деген халық даналығы да осыны меңзейді. Таза орта – мәдениетті қоғамның көрінісі.

Сондықтан «Таза Қазақстан» – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың игілігіне бағытталған ұзақ мерзімді бастама. Оның нәтижелі жүзеге асуы мемлекет пен қоғамның өзара түсіністігіне және әр азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты. Туған жерін таза ұстап, табиғатын аялап, қоғамдық тәртіпті сақтаған әрбір адам елдің жарқын болашағына өз үлесін қосады деп есептейміз.
Серік Баймурзин – Зеренді ауданы Билер алқасының бас биі