Ақмола облысы жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуде
Өңірде жұмыспен қамту саласында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша тұрақты жұмыс жалғасуда. Негізгі бағыттардың бірі – жаңа жұмыс орындарын құру және еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау. Жыл басынан бері өңірде 19,4 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, ал жыл соңына дейін олардың санын 24 мыңға жеткізу жоспарлануда.
Бұл көрсеткіштердің артында өңір тұрғындары үшін нақты мүмкіндіктер тұр. Олар – жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға жұмысқа орналасудан бастап, кәсіби оқуға және өз ісін ашуды жоспарлап отырған азаматтарды қолдауға дейінгі шаралар.
Бүгінде облыс жұмыс берушілері Enbek.kz электрондық еңбек биржасына 6 мыңнан астам бос жұмыс орнын орналастырды. Олардың жартысынан астамы жұмысшы мамандықтарға тиесілі. Дәнекерлеушілер мен газ кесушілерге, слесарьлар мен механиктерге, тас қалаушылар мен монтажшыларға, жүргізушілерге, механизаторлар мен тракторшыларға сұраныс жоғары. Сонымен қатар тәрбиешілерге, мұғалімдерге және бухгалтерлерге деген қажеттілік те сақталуда.
Мұндай сұраныс өңір экономикасының даму қажеттіліктерін көрсетеді. Сондықтан мамандарды жұмыс берушілердің нақты сұраныстарына сәйкес даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері 3 мыңнан астам адам кәсіби оқытудың түрлі түрлерімен қамтылды. Облыс тұрғындары «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, skills.enbek.kz онлайн-платформасында сұранысқа ие дағдыларды меңгеріп, қысқа мерзімді курстарда, оның ішінде кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жаңа мамандықтарды игеруде.
Әзірге тұрақты жұмыс таба алмаған азаматтар үшін субсидияланатын жұмыспен қамту тетіктері жұмыс істейді. Жыл басынан бері қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы және «Күміс жас» жобасы арқылы 2 мыңға жуық ақмолалық жұмысқа орналастырылды.
Өз ісін ашқысы келетін азаматтарға да қолдау көрсетіледі. Биыл 104 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін жалпы сомасы 37 млн теңге болатын мемлекеттік гранттарға ие болды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу де маңызды бағыттардың бірі болып қала береді – өңірде 434 адам жұмысқа орналастырылды.
Жұмыс іздеуде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері маңызды рөл атқарады. Жыл басынан бері облыста 101 жәрмеңке өткізіліп, тұрғындарға жұмыс берушілермен тікелей байланысып, өзекті бос жұмыс орындары мен мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы ақпарат алу мүмкіндігі берілді.
Жалпы, облыстың еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың II тоқсанында өңірдегі жұмыс күші 420 мың адамды, жұмыспен қамтылған халық саны 401 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі 4,4%-ды құрады.
Халықпен жұмысты облыстың 17 ауданы мен үш қаласында жұмыс істейтін Еңбек мобильділігі орталығы мен мансап орталықтары жүргізеді. Олардың міндеті – азаматты кәсіби мүмкіндіктерін айқындау мен сұранысқа ие дағдыларды меңгеруден бастап, лайықты бос жұмыс орнын таңдауға және жұмысқа орналасуға дейінгі барлық кезеңде сүйемелдеу.
Осылайша, өңірде бірнеше міндет қатарынан шешілуде – жаңа жұмыс орындары құрылып, сұранысқа ие мамандар даярлануда, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсетіліп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейтілуде. Мұндай жұмыс облыс экономикасының дамуын өңір тұрғындары үшін нақты перспективалармен ұштастыруға мүмкіндік береді.

