Мүлік салығы: ақмолалықтарға төлем мерзімі ескертілді
Өңірдегі тұрғындар мен жер учаскелерінің иелері 2025 жыл үшін мүлік салығын 1 қазанға дейін төлеуі қажет. Төлем мерзімі және берешегі бар азаматтарға қолданылатын шаралар туралы брифингте Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасы басшысының міндетін атқарушы Махамбет Нұрлан айтты.
Мүлік салығын жеке меншігінде тұрғын үйі, саяжай құрылыстары, гаражы, автотұрағы және басқа да жылжымайтын мүлік нысандары, сондай-ақ жер учаскелері бар жеке тұлғалар төлейді.
Салық сомасы Салық кодексінде белгіленген формулаларға сәйкес салық базасы негізінде есептеледі.
«Биыл қазан айының басында жеке тұлғалардың меншігіндегі жылжымайтын мүлік пен жер учаскелері үшін 2025 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады», – деді Махамбет Нұрлан.
Салықты жылжымайтын мүлік орналасқан жер бойынша төлеу қажет. Белгіленген мерзімде берешек өтелмеген жағдайда, 2 қазаннан бастап заңда көзделген шаралар қолданылады. Кешіктірілген әр күн үшін өсімпұл есептеледі. Сондай-ақ берешегі бар азаматтардың кейбір банк операцияларына шектеу қойылуы мүмкін.
Егер берешек мөлшері 1 АЕК-тен асса, белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін салық органы салық бұйрығын шығарады. Қарыз бес жұмыс күні ішінде өтелмеген жағдайда, құжат жеке сот орындаушысына беріледі. Бұдан кейін банктегі шоттар мен мүлікке тыйым салынуы, сондай-ақ Қазақстан аумағынан шығуға шектеу қойылуы мүмкін. Сонымен қатар борышкер жеке сот орындаушысының қызмет ақысын төлеуге міндетті.

