Жыл қорытындысы бойынша Ақмола облысына екі миллионнан астам турист келеді деп күтілуде
Жаздың үш айында «Бурабай» ұлттық паркіне миллионға жуық турист келген. Бұл ретте аумаққа келушілердің экологиялық негізделген нормасы 890 мың адамды құрайды. 2026 жылғы туристік маусымның қорытындысы туралы брифингте Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский мәлімдеді.
Жалпы өңірдегі туристік ағын өсіп келеді. Бірінші жартыжылдықта ресми орналастыру орындарында 350 мыңнан астам адам қабылданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға көп. Демалушылардың шамамен 99 пайызын Қазақстан тұрғындары құрады. Жыл қорытындысы бойынша облысқа екі миллионнан астам турист келеді деп күтілуде.
«Жаз мезгілі дәстүрлі түрде өңіріміз үшін басты сынақ болды. Биыл аптап ыстыққа байланысты ұлттық парктерге түсетін жүктеме барынша жоғары болды. Соған қарамастан, инфрақұрылым өз міндетін атқарды. Туристер ағыны Қазақстандағы ішкі туризмнің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетті», – деді Андрей Подгурский.
Басқарма мәліметінше, биылғы маусымда Щучинск-Бурабай курорттық аймағында туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасты. Мұнда 200-ден астам ресми орналастыру нысаны және 29 жабдықталған жағажай жұмыс істейді. Маусым айында Бурабай көлінің жағасында жаңа муниципалдық жағажай ашылып, көлде электрлі өзен трамвайлары іске қосылды. Ал Зерендіге жаз айларында шамамен 100 мың адам келген.
Сонымен қатар демалушылардың көп болуы табиғи аумақтарға түсетін жүктемені де арттырады. Жаздың үш айында «Бурабайдан» шамамен 500 тонна қоқыс шығарылды. Тағы 200 тоннаға жуық қалдық «Көкшетау» МҰТП аумағында, оның ішінде Зеренді ауданында жиналды. Жыл соңына дейін Бурабай және Зеренді аудандарында органикалық қалдықтарды компосттау кешендерін іске қосу жоспарланып отыр.

