Интернет-алаяқтық: жауапкершіліктен жалтаруға болмайды
Интернеттегі алаяқтық тәсілдері күн сайын өзгеріп, күрделене түсуде. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін жалған сайттарды, әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, бейнеқоңырауларды, жасанды интеллект пен дипфейк технологияларын пайдаланады. Олар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстыруы мүмкін.
Алайда ең бастысы — алаяқтардың сөзіне сеніп қана қоймай, олардың қылмыстық әрекетіне қатысып кетпеу.
Қазіргі кезде азаматтарды заңсыз схемаларға тартудың кең тараған тәсілдерінің бірі — банк картасын немесе шотын басқа адамдарға беру. «Картаңды бер, ақша табасың», «шотыңа ақша түседі, ары қарай аударып жібересің», «тек картаң керек» деген сияқты ұсыныстардың артында қылмыстық схема тұруы мүмкін.
Мұндай жағдайда адам өзінің банк картасын немесе шотын заңсыз мақсатта пайдалануға берген болса, жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде заңсыз жолмен алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті аударуға, қабылдауға және басқа да қаржылық операцияларға қатысуға байланысты әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Сондықтан бейтаныс адамдардың өтініші бойынша банк картасын, шотын, интернет-банкингке кіру деректерін, SMS арқылы келген кодтарды немесе өзге де құпия ақпаратты беруге болмайды.
Сондай-ақ «қауіпсіз шотқа ақша аудару», «ақшаны сақтау үшін басқа шотқа жіберу», «несие рәсімдеп, қаражатты қайтару» туралы талаптар да алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.
Егер күмәнді қоңырау немесе хабарлама келсе, әңгімені дереу тоқтатып, ақпараттың шынайылығын ұйымның ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз тексеріңіз.
Егер азамат алаяқтардың құрбаны болса немесе өзінің банк деректерін бөгде адамдарға беріп қойғанын түсінсе, дереу банкке хабарласып, құқық қорғау органдарына жүгінуі қажет.
Есте сақтаңыз: өзгенің өтініші бойынша ақша қабылдау, аудару немесе банк шотын пайдалануға беру — жай ғана «табыс табу тәсілі» емес, қылмыстық схемаға қатысуға әкелуі мүмкін. Мұндай әрекет заң алдында жауапкершілікке әкеп соғады.
Алаяқтардың құрбаны болмаңыз. Өз шотыңызды бөтен адамдарға бермеңіз және күмәнді қаржылық операцияларға қатыспаңыз.

