Ақмола облысында суару маусымы су тапшылығынсыз аяқталды

Биыл Ақмола облысында суару маусымы су тапшылығынсыз өтті. Вегетациялық кезеңде су тұтынушыларға 5,4 млн текше метр су беріліп, шамамен 2,9 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы суарылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының директоры Ербол Әскербеков пен Есіл бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Айбек Серәлі мәлімдеді.

Биыл филиал су тұтынушылармен 45 келісімшарт жасасты. Суармалы жерлерде картоп, көкөніс, дәнді дақылдар және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілді. Ал алқаптардың басым бөлігінде суды үнемдейтін технологиялар – тамшылатып суару және жаңбырлатып суару қондырғылары қолданылды.

«Маусымның басты нәтижесі – су тұтынушылардың су тапшылығына тап болмауы. Су беру үздіксіз жүргізілді. Соның арқасында шаруашылықтар алқаптарды уақытында суара алды», – деді Ербол Әскербеков.

Көктемгі су тасқыны да апатсыз өтті. Су тасқыны аяқталғаннан кейін филиалдың су қоймалары жобалық көлеміне дейін толтырылды. Су шаруашылығы саласының жұмысы тек суарумен шектелмейді. Жалпы ұзындығы шамамен 680 шақырым болатын екі топтық су құбыры Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының 270 мыңнан астам тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар су қоймалары Көкшетау, Степногорск және Астана қалаларын сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.

Мамандар гидротехникалық құрылыстардың жағдайын да тұрақты бақылауда ұстайды. Биыл 14 нысан тексеріліп, олардың бірқатарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Мұндай тексерулер проблемалы учаскелерді дер кезінде анықтап, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – құрылыстардың сенімділігін төмендетпеу және оларды нығайту мен жөндеу жұмыстарын алдын ала жүргізу», – деді Айбек Серәлі.

Инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасады. Қазір су шаруашылығының сегіз нысанын реконструкциялау жобалары әзірленіп жатыр. Ал 2028 жылға дейін Есіл контрреттегішін салу жоспарланған. Филиал жаңа арнайы техникамен де қамтылды. Бұл өз күшімен жөндеу және су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді. Жалпы аталған шаралар халық пен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне суды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етіп, өңірдегі гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.