Мемлекеттік қызметшілер пікірсайыс алаңында сынға түсті: Ақмолада үздіктер анықталды
Көкшетауда мемлекеттік қызметшілер әдеттегі жұмыс орнындағы ресми пікір алмасудан бөлек, бұл жолы пікірсайыс алаңында өзара сынға түсті. «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты турнирде 24 командадан құралған 72 мемлекеттік қызметші өз білімін, шешендігін және жылдам ойлау қабілетін ортаға салды.
Ақмола облысының 9 ауданы, 12 облыстық басқармасы мен 6 департаментінің өкілдері қатысқан додада басты талап — көп сөйлеу емес, өз ойын нақты дәлелдеп, қарсы тараптың уәжіне сауатты жауап беру болды. Турнир басталған сәттен-ақ пікірсайыс алаңында қызу талқы қалыптасты. Жеребе арқылы қарсыласын анықтаған командалар қысқа уақыт ішінде тақырыпты талдап, өзара міндеттерін бөлісті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті, Ақмола облысы әкімдігінің Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі және облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Аталған мемлекеттік органдардың мұрындық болуымен ұйымдастырылған турнир мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге бағытталды.
Турнирдің бас төрешісі Сырым Беген ойын тәртібі мен бағалау талаптарын түсіндіріп, әр кезеңде командалардың аргументациясына, логикасына, сөйлеу мәдениетіне, сұрақтарға жауап беру шеберлігіне және командалық жұмысына баға берді.
«Пікірсайыстың ерекшелігі — дайын жауаптың болмауында. Әр қатысушы тақырыпты қысқа уақытта саралап, өз ойын жүйелеп, оны қарсы тарапқа түсінікті түрде жеткізе білуі керек. Бұл мемлекеттік қызметші үшін де маңызды дағды. Өйткені күнделікті жұмыста азаматтардың сұрағына жауап беру, әртүрлі пікірді тыңдау және нақты шешім ұсыну қажет», — деді Сырым Беген.
Пікірсайыс барысында қатысушылар «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары аясындағы өзекті мәселелерді талқылады. Командаларға тек өз позициясын қорғау жеткіліксіз болды. Олар қарсы тараптың сұрағына жауап беріп, айтылған пікірді жоққа шығаратын дәлел келтіріп, ойының логикалық негізін көрсетуі керек.
Бірнеше сағатқа созылған іріктеу кезеңдерінен кейін үздік командалар жартылай финалға өтті. Ал финалда бәсеке одан әрі күшейді. Командалар соңғы мүмкіндігін пайдаланып, өз позицияларын барынша дәлелдеуге тырысты.
Нәтижесінде бірінші орынды «Ақиқат» командасы жеңіп алды. Команда құрамында Ақмола облысы білім басқармасының Атбасар ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Мейрамбек Рахимжанов, Шортанды ауданы бойынша білім бөлімінің қызметкері Нұркен Шахметов және Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының қызметкері Халида Жолдасхан бар.
«Ақиқат» командасының мүшесі Мейрамбек Рахимжанов үшін турнирдің нәтижесі қос жеңіспен аяқталды. Ол командалық есепте бірінші орынға ие болып қана қоймай, «Үздік спикер» атанды.
«Пікірсайыс адамның өз ойын жеткізу қабілетін ғана емес, тыңдай білу мәдениетін де қалыптастырады. Турнир барысында әр тақырыпқа әр қырынан қарауға тырыстық. Жеңіске жетуде командалық жұмыстың маңызы зор болды. Біз дайындық кезінде бір-біріміздің ойымызды толықтырып, әртүрлі пікірлерді талқыладық. Бірінші орынға ие болғанымызға қуаныштымыз», — деді Мейрамбек Рахимжанов.
Ал «Тіл жанашыры» номинациясы Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының «Серпін» командасына берілді. Сонымен қатар «Үздік төреші» номинациясы Мұратбек Шұғылаға табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар табысталды.Бұл турнирдің мәні жүлде қорытындысымен ғана өлшенбейді. Мемлекеттік қызметшілер үшін пікірсайыс — күнделікті қызметте қажет дағдыларды шыңдайтын практикалық алаң.

