Астананың барлық мектебінде Республика күніне арналған сынып сағаттары өтті

25 қазан – Республика күні қарсаңында Астананың барлық мектебінде оқушыларға арналған бірыңғай сынып сағаттары ұйымдастырылды. Сабақтарда ел тарихы, егемендіктің маңызы мен ұлттық құндылықтар туралы айтылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Осындай тәрбиелік іс-шаралардың бірі Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінде өтті. Сынып сағаттарының тақырыптары оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай таңдалды. Бастауыш сыныптарда «Менің Қазақстаным», ал 9-11-сыныптарда «25 қазан – Республика күні» тақырыптары қамтылды.

Төменгі сынып оқушылары туған жер, Отан және мемлекеттік рәміздер туралы білімдерін толықтырды. Ал жоғары сынып оқушылары Қазақстанның егемендікке қол жеткізу жолын, тәуелсіздіктің тарихи негіздері мен елдің даму кезеңдерін талқылады.

Сынып сағаттары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Оқушылар интерактивті тапсырмалар орындап, танымдық сұрақтарға жауап берді, шығармашылық жұмыстар мен топтық талқылауларға қатысты.

Іс-шаралардың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, ел тарихы мен мемлекеттік рәміздерге құрметін арттыру және Республика күнінің тарихи маңызын түсіндіру.

Сондай-ақ сабақтарда оқушылардың азаматтық жауапкершілігін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және ел болашағына деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінді.

https://www.gov.kz/org/astana/press/news/details/1313450?lang=kk