Тәртіп пен тазалық – ұлттық идеологияның алтын діңгегі
«Таза Қазақстан» – дақпырт пен даңғазадан ада, жалған іс пен жалаң сөз араласпаған, тазалықты ту еткен, өскен жер, өнген ортаны өркендеткен өзекті бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған акция бүгінде жалпыхалықтық қолдауға ие болды.
Бауыржан ОМАРОВ,
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:
– «Таза Қазақстан» акциясы 2024 жылы 8 сәуірден жүзеге асырыла бастады. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы бұл жұмыстардың аса маңыздылығын ерекше атап өтті. Елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшеміне айналатын болды.
Бұл тұжырымдар мемлекеттің басты құжаттарына да енгізіле бастады. Табиғатты аялау қажеттігі жаңарған Конституциямызда алғаш рет көрініс тапты. Президенттің осыдан екі жыл бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп нақты міндет қойылды. Демек, бұл – жалпыхалықтық іс. Бұған әр адам атсалысуға тиіс. Себебі бұл жай міндет емес, Президент айтқандай, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет».
Мәселеге әр қырынан келуге болады. Алдымен, ойға оралатыны – айналаны аялау, яғни қоршаған ортаны қорғау. Сыртқы әлемнің сұлулығын сақтау. Ауаның да ақысы, судың да сұрауы бар екенін ұмытпау. Яғни өзіміз өмір сүріп жатқан кеңістіктің тазалығын қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан Президенттің: «Халықтық сипат алған науқанның мақсаты – экологиялық сана қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру», деген сөзін әрдайым есте ұстауымыз қажет.
Екінші, мемлекетімізді көркейту. Тазалық ұғымын басты өлшем етіп алу. Яғни туып-өскен, өніп-өркендеген ел-жұртыңның, аяулы атамекеніңнің тазалығы. «Біз «Қазақстан – ортақ үйіміз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан еліміз таза, тартымды, мәдениетті болуы керек», деп Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ортақ үйдің орнықты дамуы – келелі келешектің кепілі.
Үшінші, өзіміз мекен етіп жатқан жеріміздің тазалығы. Әр шаңырақтан шуақтың кетпеуі. Мерейлі мекеннің мәртебелі болуы. Әр тұрғынның берекелі баспанасында тазалық ұғымының салтанат құруы. Ел басшысы осыған орай «Тазалық әр үйден басталуы керек» деген тұжырым жасады.
Төртінші, ұрпақты тазалыққа баулу. Тазалық табалдырықтан бастау алады. Туған үйіңнің табалдырығынан. Басқан баспалдағыңнан. Құтты қадамыңнан. Жүрген жолыңнан. Шарлаған шақырымыңнан. Беттеген белесіңнен. Шыққан шыңыңнан. Қысқасы, тазалық пен тәрбиенің түйісетін тұстары көп. Президенттің: «Кішкентай кезінен тазалыққа үйренген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өседі. Елге жанашыр болады», деген сөзін осы тұрғыдан түйсінген жөн.
Бесінші, сананы тазарту. Бойдың тазалығын, ойдың тазалығын сақтау. Тегінде мұны бесінші қатарға емес, бәрінің алдына, яғни бірінші қатарға қойсақ та болар. Өйткені сана дегеніміз – бір-бірімен тығыз байланысқан тұтас дүниенің өзегі. Сана тазарса, барлық нәрсе тазарады. Тазару жаңаруға, жаңару жаңғыруға бастайды. Осының бәрі Мемлекет басшысының мына тұжырымынан туындайды: «Таза Қазақстан» – озық ойлы қоғам құруға арналған идеологиялық тұғырнаманың ажырамас бөлігі. Бұл – тек қоршаған ортаның тазалығын емес, ой мен сана тазалығын сақтау деген сөз». Біз бүгін осы бағыттағы жұмыстардың қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде әңгімелесеміз.
Сонымен, әңгімемізді «Сана тазармай, қала мен дала тазармайды» деп бастадық. Ендеше, сана қалай тазармақ? Ол қалай іске асады? Оған сіздер қандай үлес қоса аласыздар? Қай тұрғыдан атсалысуларыңыз мүмкін? Міне, өздеріңізбен бірге осы жөнінде сөз қозғаймыз.
Қоршаған ортаның тазалығы адамның ішкі тазалығынан, яғни сананың жаңғыруынан бастау алады. Осы орайда «Таза Қазақстан» мемлекеттің экологиялық саясаты мен ұлттың ішкі мәдениетін тоғыстыратын басты идеологиялық тұғыр. Ысырапшылдықты тыйып, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ табиғатқа тұтынушылық көзқарастан арылу – бүгінгі буынның келер ұрпақ алдындағы перзенттік аманаты. Демек, қала мен даланы қоқыстан, ал қоғамды енжарлықтан арылтудың жалғыз жолы – әрбір азаматтың ортақ іске деген жауапкершілігін терең түйсініп, ең алдымен санасын тазартуы.

