Қазақстанның жаңа даму кезеңі: инфрақұрылым, бірлік және жауапкершілік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің болашақ даму бағыттарын айқындайтын маңызды құжат болып табылады.

Президент Жолдауында азаматтық инфрақұрылымды жаңғыртуға, өңірлерді дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және цифрлық экономиканы өркендетуге ерекше назар аударды. Бұл бастамалар еліміздің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға да мүмкіндік береді.

Автомобиль жолдарын, теміржолдарды, көпірлерді, мектептерді, ауруханаларды, спорт кешендері мен мәдениет нысандарын салу – ел болашағына жасалған маңызды инвестиция. Өйткені заманауи инфрақұрылым халыққа қолайлы жағдай қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлердің өркендеуіне жол ашады.

Сонымен қатар жаңа өндірістерді дамыту мен цифрлық технологияларды кеңінен енгізу Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда мемлекет дамуының басты өлшемі экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, азаматтардың әл-ауқаты, білім алу мүмкіндіктері және сапалы медициналық қызметке қолжетімділігімен де бағалануы тиіс.

Жолдауда айтылған «Заң мен тәртіп» қағидатының да маңызы зор. Заңды құрметтеу, адал еңбек ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және әрбір іске жауапкершілікпен қарау – өркениетті қоғамның негізгі белгілері. Мемлекеттің дамуы әр азаматтың өз міндетіне адал болуынан басталады.

Мемлекет басшысының ұлттық бірлікті нығайтуға қатысты пікірі де ерекше мәнге ие. Қазіргі күрделі кезеңде қоғамның ынтымағы мен тұрақтылығы, азаматтардың өзара сенімі және ортақ мақсатқа жұмылуы еліміздің табысты дамуының басты кепілі болып табылады.

Қазақстанның жарқын болашағы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Еліміздің өркендеуі үшін мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет етіп, әр азамат өз үлесін қосуы қажет. Сонда ғана біз қуатты экономиканы қалыптастырып, инфрақұрылымы дамыған, азаматтарына қолайлы жағдай жасалған және халықаралық аренада беделі жоғары мемлекет құра аламыз.

Бүгінгі адал еңбек, жауапкершілік пен бірлікке негізделген іс-әрекет – келер ұрпаққа қалдыратын ең құнды мұрамыз.

Оралбек Бекішев – Зеренді ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы