Балалар денсаулығы – ұлт болашағының кепілі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында балалардың денсаулығын қорғау және медициналық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылуы өте маңызды деп санаймын.
Елімізде жыл сайын жүздеген мың сәбидің дүниеге келуі – халқымыздың өсіп-өркендеуінің қуанышты көрінісі. Әрбір баланың дүниеге аман келуі, дені сау болып өсуі және сапалы медициналық көмек алуы – баршамыз үшін ортақ міндет. Сондықтан заманауи перинаталды орталықтар мен балалар ауруханаларын салу туралы бастама қоғам үшін үлкен маңызға ие.
Ана үшін баласының денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ. Жаңа медициналық нысандардың ашылуы болашақ аналарға, сәбилерге және балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар дәрігерлердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, отбасылардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады.
Балаларға қамқорлық жасау – елдің болашағына қамқорлық жасау. Әрбір баланың бақытты балалық шағы, мықты денсаулығы мен жарқын келешегі болуы үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Осы бағыттағы бастамалардың жүйелі жүзеге асуы еліміздегі отбасылардың әл-ауқатын арттырып, ана мен бала денсаулығын қорғауға тың серпін береді.
Біздің ең үлкен байлығымыз – дені сау ұрпақ.
Армангуль Малик- Зеренді ауданы аналар кеңесінің төрайымы
