Ақмолада оқушылар құқықтық мәдениетті әзіл арқылы дәріптеді
Ақмола облысында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттауға бағытталған оқушылар арасындағы көңілді тапқырлар сайысы өтті.
Іс-шараны Ақмола облысының прокуратурасы облыстық білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Байқауға облыстың төрт ауданынан келген оқушылар мен «Жас ұрпақ» клубының мүшелері қатысты. Қатысушылар әзіл мен тапқырлықты ұштастыра отырып, өз өнерлерін ортаға салып, шығармашылық қабілеттері мен сахна мәдениетін көрсетті.
Сайыстың негізгі мақсаты – жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу және құқықтық сауаттылығын арттыру.
Осындай тәрбиелік мәні бар іс-шаралар жастардың құқықтық санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға, заңдылық пен қоғамдық тәртіп қағидаттарын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.

