Конституциялық Сот жаңа Конституция жағдайында конституциялық заңдылықты қамтамасыз етудің негізгі бағдарларын айқындады
Астана, 2026 жылғы 18 қараша. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова Қазақстан Республикасы Құрылтайының отырысында елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы Жолдауын жариялап, конституциялық бақылаудың қорытындыларын және ұлттық құқықтық жүйені одан әрі дамытудың басым бағыттарын ұсынды.
Жолдау ағымдағы жылғы 1 шілдеде күшіне енген Конституция қолданыста болған кезеңде ұсынылды. Жаңа Конституция мемлекеттің, оның институттары мен қоғамның одан әрі дамуының құндылық бағдарларын айқындайды. Бұл конституциялық-құқықтық тәуекелдердің алдын алу мақсатында заңнаманы жүйелі түрде жаңартуды талап етеді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығында жаңа Конституцияның қабылдануы қазақстандық мемлекеттіліктің дамуындағы маңызды кезең болды.
Конституциялық Сотқа 18 мыңнан астам өтініш келіп түсті, өтініш берушілердің шамамен 99%-ын азаматтар құрады. Оларды қарау қорытындысы бойынша 500-ден астам қаулы және 91 нормативтік қаулы қабылданды. Өтініштерді талдау азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыруға тікелей әсер ететін құқықтық реттеу мен құқық қолдану практикасындағы кемшіліктерді анықтауға мүмкіндік берді.
Алдыңғы Жолдаудан бері конституциялық бақылау нәтижелері бойынша 23 норма мен бір конституциялық заң Конституцияға сәйкес деп танылды, 14 норма конституциялық емес деп танылуына байланысты қолданыстағы құқық жүйесінен алынып тасталды, 19 нормаға конституциялық-құқықтық түсіндірме берілді. Конституциялық Сот Төрағасы атап өткендей, заңнаманың сапасы ең алдымен оның адам құқықтарын іске асыру мен қорғауды қаншалықты тиімді қамтамасыз ететініне қарай бағалануға тиіс. Ұқсас мәселелер бойынша қайталанған өтініштер де заңнамадағы жүйелі кемшіліктерді анықтау және оны жетілдірудің басым бағыттарын белгілеу кезінде ескерілуі қажет.
Қазіргі уақытта Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларының 70%-ы заңнамалық деңгейде іске асырылды. Тағы 17 қаулы бойынша тиісті шаралар заң шығару бастамасы аясында қабылдануға тиіс.
Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарының тәжірибелік маңызы сот және құқық қорғау органдары қызметінің нәтижелерімен расталады. Атап айтқанда, сот актілері қайта қаралды, 1 000-нан астам сот актісінде Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларына сілтеме жасалған. Прокуратура органдары 85 қадағалау және ден қою актісін енгізді, 1 000-нан астам азаматтың құқықтары қалпына келтірілді, заңсыз өндіріп алынған қаражат пен зейнетақы төлемдері бойынша берешек ретінде 40 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл нәтижелер бұзылған құқықтарды іс жүзінде қалпына келтіру және оларды қорғау кепілдіктерін нығайту үшін конституциялық бағдарлардың маңызын көрсетеді.
Заң шығару қызметінің басты мақсаты Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету болып қала беруге тиіс. Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдары заң жобаларын әзірлеу кезеңінен бастап ескерілуі қажет. Бұл құқық қолданушылар үшін конституциялық бағдарларды қалыптастыруға, конституциялық емес нормалардың қабылдануы мен құқықтық қайшылықтардың туындауының алдын алуға мүмкіндік береді. Құқықтық айқындық, шектеулердің мөлшерлестігі және құқықтық реттеудің болжамдылығы талаптарын сақтау, оның ішінде қылмыстық сот ісін жүргізу, еңбек қатынастары және экономикалық құқықтар салаларында ерекше маңызға ие.
Конституциялық Сот Жолдауда заңнамада және қоғамдық өмірде конституциялық құндылықтардың тиісінше сақталуы қажеттігін атап өтеді. «Заң мен Тәртіп» қағидаты мемлекеттік институттар мен азаматтардың өзара жауапкершілігін көздейді. «Адал азамат» тұжырымдамасы құқықтарға, міндеттер мен қоғамдық мүдделерге жауапкершілікпен қарауға, басқа адамдардың құқықтарын құрметтеуге және азаматтық борышты адал орындауға негізделеді.
Конституциялық Соттың Жолдауында құқықтық олқылықтарды, қайшылықтарды және азаматтардың құқықтарын негізсіз шектеуге жол беретін ережелерді анықтау әрі жою мақсатында заңнамаға конституциялық-құқықтық мониторинг жүргізудің рөлі атап өтілді.
Эльвира Азимова Құрылтай депутаттарына заң шығару қызметінің конституциялық негіздерін нығайту жөніндегі Конституциялық Соттың ұсынымдарын жеткізді. Ол бұл жұмыстың басты нәтижесі қабылданған актілердің санымен емес, конституциялық құқықтық тәртіптің беріктігімен, адам құқықтарының нақты қорғалуымен және қоғамның мемлекетке деген сенімімен өлшенетінін атап өтті.
📱 @consot_kz

