Қазақстан Global Innovation Index 2026 рейтингінде 8 сатыға көтеріліп, Орталық Азияда көш бастады

Қазақстанда инновацияларды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Жаңа мемлекеттік саясат толыққанды ұлттық инновациялық экожүйені қалыптастыруға, технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға, жеке инвестицияларды тартуға және отандық әзірлемелердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Инновациялар – мемлекеттің стратегиялық басымдығы

Қазақстан Республикасының Конституциясында білім беру, ғылым және инновациялар мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде бекітілген.

2026 жылғы сәуірде осы саладағы негізгі бастамаларды үйлестіруді қамтамасыз ететін Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Мемлекеттік қолдау жүйесі ғылыми зерттеулерден бастап әзірлемелерді коммерцияландыру мен дайын өнімді нарыққа шығаруға дейінгі инновациялық циклдің барлық кезеңін қамтиды.

Негізгі қолдау тетіктерінің қатарында ғылыми зерттеулерді және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) орталықтандырылған түрде бағыттау бар.

2026–2028 жылдарға арналған ғылымды дамытудың басым бағыттары бекітілді. Сонымен қатар Еуропалық Одақтың Horizon Europe («Көкжиек Еуропа») бағдарламасы аясында, оның ішінде TIBERIUM жобасы арқылы халықаралық ынтымақтастық кеңейтілуде.

Инновацияларды дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы

2026 жылғы қазанда мемлекеттік қолдаудың түбегейлі жаңа моделіне көшуді көздейтін Инновацияларды дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.

Негізгі өзгеріс қаржыландыру тәсілін қайта қарауға негізделген. Атап айтқанда, қызмет үдерісін қаржыландырудан нақты технологиялық және экономикалық нәтижелерді қаржыландыруға көшу көзделіп отыр.

Жаңа модель бизнестің нақты технологиялық міндеттерін шешуге, технологиялық дайындық деңгейі TRL 4–6 аралығындағы әзірлемелерді қолдауға және өлшенетін әлеуметтік-экономикалық нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған.

Өңірлердің экономикалық мамандануын ескеруге, венчурлік нарықты дамытуға, технологиялар трансферіне, зияткерлік меншікті басқаруға және жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді қалыптастыруға ерекше назар аударылады.

Осылайша, мемлекеттік қолдау жаңа әзірлемелерді жасаумен ғана шектелмей, оларды тәжірибеге енгізуге, өндіріс ауқымын кеңейтуге және ішкі әрі сыртқы нарықтарға шығаруға бағытталатын болады.

Қазақстан Global Innovation Index 2026 рейтингіндегі орнын жақсартты

Global Innovation Index 2026 қорытындысы бойынша Қазақстан бірден сегіз сатыға көтеріліп, 139 елдің арасында 73-орынға ие болды және Орталық Азия өңірінде көш бастады.

Халықаралық рейтингтің 46 көрсеткіші бойынша оң динамика тіркелді.

Атап айтқанда, жоғары технологиялық өнімдер экспорты көрсеткіші бойынша Қазақстан нәтижесін тоғыз сатыға жақсартып, 27-орынға көтерілді. Ал өндіріс пен экспорттың күрделілік деңгейі бойынша 29 сатыға жоғарылап, 54-орынды иеленді.

Ел ішіндегі инновациялық белсенділік деңгейі 11,9%-ға жетті, ал ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығындар жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 0,16%-ын құрады.

Қол жеткізілген нәтижелер ұлттық инновациялық жүйенің біртіндеп нығайып, технологиялық дамудың ел экономикасындағы рөлі артып келе жатқанын көрсетеді.

Рейтингтік көрсеткіштерден нақты экономикалық нәтижелерге дейін

Алдағы кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі – инновациялық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға бизнестің қатысуын кеңейту, стартаптар мен технологиялық компанияларды қолдау, сондай-ақ өндірістік үдерістерде отандық әзірлемелердің үлесін арттыру.

Инновацияларды дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы ғылым, кәсіпкерлік және мемлекет арасындағы жүйелі байланысты қамтамасыз етуге бағытталған.

Негізгі мақсат – ғылыми білім мен технологиялық шешімдерді жаңа өндірістерді құрудың, жоғары технологиялық жұмыс орындарын ашудың, еңбек өнімділігін арттырудың және ұлттық экономиканы әртараптандырудың маңызды көзіне айналдыру үшін қолайлы жағдай қалыптастыру.

Қазақстанның Global Innovation Index-тегі орнының жақсаруы жүргізіліп жатқан өзгерістердің оң нәтижесін көрсетіп, еліміздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін одан әрі нығайтуға негіз қалайды.

https://www.gov.kz/org/sci/press/news/details/1332256?lang=kk