🔹Ақмола облысында газ жабдықтарын шығару ісі дамып келеді

Көкшетаудағы «Тыныс» АҚ зауытында газ баллондары мен оларды қауіпсіз пайдалануға арналған арнайы клапандар шығару басталды. Жаңа бағыт ең алдымен ішкі нарықты сұранысқа ие отандық өніммен қамтамасыз етуге бағдарланған.

Кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерімен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласына жұмыс сапары барысында танысты.

Сапар барысында газ баллондарын шығару бағытына ерекше назар аударылды. Мұндай өнімге деген сұраныс жоғары. Бүгінде Ақмола облысының өзінде 220 мыңнан астам газ баллоны пайдаланылуда. Сондықтан тұтынушыларды қажетті өніммен қамтамасыз етумен қатар, адамдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бұйымдардың сапасына да баса мән беру қажет.

Өңір басшысы өндірісті дамыту кезінде ішкі нарықтың қажеттілігі мен кәсіпорынның мүмкіндіктерін ескеру маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ қуаттарды кеңейту перспективаларын бағалап, шикізат пен қажетті жиынтықтауыштардың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету және білікті мамандар даярлау қажеттігін жеткізді.

«Кәсіпорынның дайын өндірістік алаңы, қажетті инфрақұрылымы мен тәжірибесі бар. Сондықтан жаңа зауытты нөлден бастап салғаннан гөрі, қолданыстағы өндіріс қуаттарын дамыту экономикалық тұрғыдан тиімді. Еліміздің газ баллондарына деген жалпы қажеттілігін анықтап, соған сәйкес өндірісті одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін бағалау қажет. Ол үшін кәсіпорынды қажетті материалдармен, жиынтықтауыштармен және білікті кадрлармен қамтамасыз ету маңызды», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

«Тыныс» АҚ – өңірдегі авиациялық техника, медициналық жабдықтар, өрт сөндіру құралдары, газ қысымын реттейтін арматура және полиэтилен құбырларын шығаратын өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі. Зауыт өнімдері Қазақстан нарығымен қатар Ресей, Өзбекстан және Украинаға да жеткізіледі.

📱 t.me/Aqmola_region