Сатып алудан бас тартуға және қолма-қол ақшаны қайтаруға көмектесті Тұтынушының құқығын қалпына келтіруге көмек көрсетілді

2026 жылғы 31 тамызда тұтынушы Kaspi.kz интернет-платформасы арқылы тауар сатып алған. Тұтынушы көк түсті, 170 өлшемді мектеп шалбарын таңдаған. Тауардың құны 12 799 теңгені, ал жеткізу құны 995 теңгені құрады. Тапсырыстың жалпы сомасы 13 794 теңге болды. Төлем Kaspi Kredit арқылы бөліп төлеу түрінде рәсімделген.
Тауарды алғаннан кейін тұтынушы шалбардың өлшемі өзіне сәйкес келмейтінін анықтаған. Сонымен қатар, тауар кәдімгі полиэтилен пакетте, фабрикалық биркалары мен затбелгілерінсіз жеткізілген. Тауар пайдаланылмаған, кию немесе ластану іздері болмаған.
2026 жылғы 1 қыркүйекте тұтынушы тауарды қайтаруға өтінім берген. 2 қыркүйекте тауар курьерге беріліп, 3 қыркүйекте сатушыға қайта жеткізілген.
Алайда 7 қыркүйекте тауарды қайтарудан «тауардың тауарлық түрі сақталмаған / тауар пайдаланылған» деген себеппен бас тартылған. Бұл шешіммен келіспеген тұтынушы өз құқықтарын қорғауға жәрдем көрсету үшін « Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне» жүгінген.
Департамент мамандары тұтынушының өтінішін қарап, оған тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптарын түсіндіріп, туындаған мәселені шешуге жәрдем көрсетті.
Нәтижесінде мәселе оң шешіліп, тұтынушының құқықтары қалпына келтірілді.
Тұтынушы Департамент мамандарына көрсеткен көмегі, өтінішіне мұқият қарағаны және заңды құқықтарын қорғауға көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.
Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті еске салады: тауарларды сатып алуға немесе қызметтерді алуға байланысты даулы жағдайлар туындаған кезде тұтынушылар өз құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түсініктеме және жәрдем алу үшін Департаментке жүгіне алады.