«Телефонмен көмектесші»: қарапайым өтініш жасөспірім үшін қалай тұзаққа айналуы мүмкін
Елестетіп көріңіз: оқушы мектептен үйіне қайтып бара жатқанда, жолай кездескен бейтаныс адам одан телефонымен суретке түсіріп беруін өтінеді. Жасөспірім келіседі, алайда күтпеген жерден ұрлық жасауға әрекеттенді деген айыптауға тап болады. Сол сәтте «куәгерлер» пайда болып, полиция шақырумен және ата-анасына қиындық туғызумен қорқыта бастайды. Ал мұндай салдардан құтылу үшін балаға ақшамен «мәселені шешу» ұсынылады. Осындай жағдайлар әлеуметтік желілерде кәмелетке толмағандарды алдаудың ықтимал тәсілі ретінде талқылануда.
Fingramota.kz ескертеді: жасөспірімдерге мұндай айла-шарғыларды алдын ала ажырата білуді, сондай-ақ бейтаныс адамдар қорқытып-үркітіп немесе ақша талап ете бастаған жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндіру маңызды.
Қарапайым өтініш қалай тұзаққа айналады
Ықтимал сценарий бірнеше бірізді әрекеттен тұрады.
Алдымен – көмек туралы өтініш. Бейтаныс адам жасөспірімге зиянсыз өтінішпен жүгінеді: фотоға түсіру, смартфонды баптауға көмектесу немесе банк қосымшасын анықтау. Ол сезік тудырмас үшін өзін сабырлы әрі мейірімді ұстайды.
Содан кейін, күтпеген айыптау. Бала телефонды алғаннан-ақ, бейтаныс адам құрылғыны немесе ақшаны ұрлауға әрекет еткені туралы мәлімдейді. Жасөспірім сасқалақтап, өзін ақтай бастайды.
Кейін – психологиялық қысым. Әңгімеге өздерін куәгер немесе полиция қызметкері ретінде танытқан басқа адамдар қосылуы мүмкін. Баланы қылмыстық жауапкершілікке тартылатынымен, мектепте қиындықтар туындайтынымен және ата-анасы үшін жағымсыз салдардың болатынымен қорқытады.
Ақырында, ақша талап ету. Жасөспірімге белгілі бір соманы төлеу арқылы қиындықтардан құтылуға болатыны айтылады. Оны қолма-қол ақша беруге, ақша аударымын жасауға немесе ата-анасына қоңырау шалып, келтірілді-мыс деген залалды шұғыл түрде өтеуді талап етуге мәжбүрлеуі мүмкін.
Алаяқтардың басты мақсаты – баланы қорқынышқа бой алдыру және оны ересектерден көмек сұрамай, өз бетінше шешім қабылдауға мәжбүр ету.
Жасөспірімдер мұндай алдауға қалай түсіп қалуы мүмкін
Алаяқтар кәмелетке толмағандардың іс-қимылының ерекшеліктерін пайдаланады: ересектерге көмектесу ниеті, айыптау қорқынышы және жанжалды жағдайларда тәжірибенің жетіспеушілігі. Мысалы, жасөспірім ештеңе ұрламағанын түсінуі мүмкін, бірақ полиция немесе қылмыстық жауапкершілік туралы сөздерден қорқады. Ал болған оқиға туралы ата-анасына хабарлаймыз деп қорқытуы оны жанжалды тез арада тоқтатудың жолын іздеуге мәжбүрлейді.
Әсіресе дереу «Ақшаны қазір аудар, әйтпесе полиция шақырамыз» немесе «Ата-анаңа қоңырау шалма, бұдан да қиын болады» деген талаптар аса қауіпті.
Сондықтан балаға бейтаныс адамның айыптауы дәлелденген кінәні білдірмейтінін, ал қорқыту мен ақша талап ету – дереу көмек сұрауға себеп екенін түсіндіру маңызды.
Жасөспірімге алдын-ала нені түсіндіру қажет
Бейтаныс адамдардан телефондары мен бағалы заттарын алмаңдар. Егер өтіп бара жатқан адам банктік қосымшаға, ақша аударымына немесе құрылғыны баптауға көмектесуді сұраса, әдеппен бас тартқан дұрыс. Банк қызметкеріне немесе сервис орталығына хабарласуды ұсынуға болады.
Бөгде адамдар үшін қаржылық операциялар орындамаңдар. Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша, тіпті олар шұғыл көмек қажет деп өтінсе де ақша аударуға, банктік деректемелерді енгізуге, операцияны растауға немесе SMS-кодтарды хабарлауға болмайды,
Қорқытуына байланысты ақша төлеуге келіспеңдер. Егер сендерді ұрлық жасады деп айыптаса немесе ақша талап етсе, қолма-қол ақша аудару немесе беру арқылы жанжалды тоқтатуға тырыспаңдар. Адамдар көп жүретін қауіпсіз жерге, мысалы, дүкенге баруға тырысыңдар және бірден ата-аналарыңа қоңырау шалыңдар.
Өзін полиция қызметкері деп таныстырғаны үшін ғана сол адамға сенбеңдер. Егер бейтаныс адам қылмыстық жауапкершілікпен қорқытса немесе «мәселені сол жерде шешуді» ұсынса, оған ақша бермеңдер. Қорқыту немесе бопсалау кезінде полицияға 102 нөміріне, ал тікелей қауіп төнгенде 112 нөміріне хабарласыңдар.
Ата-аналарыңнан болған оқиғаны жасырмаңдар. Тіпті абдырап қалып, бейтаныс адамның өтінішін орындасаңдар да, бұл туралы жақындарыңа бірден айтыңдар. Айыптауларды немесе ақша талап ету жағдайларын өз беттеріңше шешуге тырыспаңдар.
Бала бопсалауға тап болған жағдайда ата-аналар не істеуі керек
Бірінші кезекте сабыр сақтаңыз. Жасөспірімді бейтаныс адамға көмектесуге келіскені үшін кінәламаңыз. Баланың мұндай жағдайлар туралы айтудан қорықпауы маңызды.
Оқиғаның қай жерде болғанын, қатысушылардың сырт келбеті қандай болғанын, не айтқанын және қандай талаптар қойғанын анықтаңыз.
Бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз және жанжалды бейресми түрде «реттеу» туралы ұсыныстарға келіспеңіз.
Жазысқан хаттарды, телефон нөмірлерін, банктік деректемелерді және басқа да ықтимал дәлелдемелерді сақтап қойыңыз. Қорқыту, бопсалау немесе алаяқтық күдігі туындаған кезде дереу полицияға хабарласыңыз.
Егер бала ақша аударып қойса немесе банктік деректерді хабарласа, шотты және төлем құралдарын қорғау үшін бірден банкке хабарласыңыз.
Баламен өткізуге тиіс ең басты әңгіме
Ата-аналар үшін қауіпсіздік қағидаларын жай ғана тізіп шығу жеткіліксіз, жасөспіріммен нақты жағдайларды талқылау маңызды. Егер бейтаныс адам ақша аударуға көмектесуді сұраса, телефон ұрлады деп айыптаса немесе полициямен қорқыта бастаса, баланың не істейтінін сұраңыз. Мұндай жағдайларда бөгде адамдардың алдында ақталудың, ақша берудің немесе жанжалды өз бетінше тоқтатуға тырысудың қажеті жоқ екенін түсіндіріңіз.
Бала мынадай қарапайым қағиданы білуі керек: «Сенің бейтаныс ересек адамның өтінішінен бас тартуға толық құқығың бар. Егер сені айыптаса, қорқытса немесе ақша талап етсе, бірден маған телефон соқ. Біз бірге шешеміз».
Ең бастысы – жасөспірімде тіпті ең жағымсыз жағдайдың өзінде ата-анасы көмектеседі деген сенімділікті қалыптастыру.
Балалармен ықтимал алаяқтық сценарийлерін үнемі талқылап отырыңыз: оларды психологиялық қысымды тануға, күдікті өтініштерден бас тартуға және көмекке дер кезінде жүгінуге үйретіңіз. Жасөспірім мұндай жағдайларға неғұрлым жақсы дайындалса, қаскөйлердің оның абдырап қалуы мен қорқынышын пайдалануы соғұрлым қиын болады.
