Бұл ұстаным біздің елдің дамуы мен тұрақтылығының басты кепіліне айналды. Бүгінгі таңда Қазақстанда жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Әрқайсысы өз мәдениеті мен дәстүрін сақтап, тілі мен өнерін дамытуға толық мүмкіндік алып отыр.
Қазақ халқының ежелгі қонақжайлығы мен кеңпейілділігі түрлі этнос өкілдерінің бауырласып кетуіне ықпал етті. Қиын-қыстау замандарда да қазақ еліне қоныс аударған халықтарға құшағын ашып, бауырдай қабылдағаны – бүгінде көпұлтты Қазақстанның бірлігін нығайтқан тарихи сабақ болды.
Сондықтан да елімізде бейбітшілік пен келісім ерекше құндылық ретінде бағаланады. Татулық бар жерде елдің ырысы мен берекесі артады. Қазақстанның әлемге тұрақты әрі сенімді мемлекет ретінде танылуы да осы бейбіт саясаты мен халықтар арасындағы жарасымды қарым-қатынасқа негізделген.
С.Баймурзин-Зеренді ауданы Билер алқасының бас биі
