Тоқаев: ОА және РФ елдері барлық сауда кедергілерін жоюды жақтайды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысты.
Қазақстан Президенті өз сөзінде ОА және РФ елдері барлық сауда кедергілерін біртіндеп жоюды, өзара сауданы жандандыруды және тауар айналымының номенклатурасын кеңейтуді жақтайтынын айтты.
– Шекаралық сауда аймағын құру, тұрақты түрде шекаралық аймақтық форумдар, бизнес-форумдар, көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу, электрондық сауда алаңын дамыту бұл міндеттерді шешуге ықпал етеді. Қазіргі уақытта Орталық Азияда бірлескен сауда-өнеркәсіп аймақтары мен индустриалдық хабтар қалыптаса бастады. Бұл алаңдарда өндіріс локализациясына, қосылған құнның барлық тізбегі бойынша кооперацияға және тұрақты тасымалды қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Ресейлік бизнестің аталған жобаларға қатысуы Ресей тауарларының біздің, соның ішінде Қазақстан нарығында ұзақ уақыт бойы айналымда болуына ықпал етеді, – деді Президент.
