Тұтынушылардың негізгі құқықтары («Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 7-бабы негізінде)
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – азаматтар мен кәсіпкерлер арасындағы әділ, қауіпсіз және ашық қатынастарды қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 7-бабынасәйкес, тауар сатып алатын, жұмыс орындауға немесе қызмет көрсетуге тапсырыс беретін әрбір азамат өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретін кең ауқымды құқықтарға ие.
- Шарттарды еркін жасасу құқығы
Тұтынушы тауарды, жұмысты немесе қызметті кімнен және қандай шарттармен алатынын өз бетінше шешеді. Оны сатып алуға немесе шарт жасасуға ешкім мәжбүрлей алмайды. - Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында білім алу және құқықтық сауаттылығын арттыру құқығы
Мемлекет тұтынушыларға өз құқықтарын қорғау жолдары туралы ақпарат алуға және құқықтық мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді. - Тауар (жұмыс, қызмет) және сатушы (өндіруші, орындаушы) туралы ақпарат алу құқығы
Тұтынушы тауардың қасиеттері, бағасы, жарамдылық мерзімі, пайдалану ережелері туралы, сондай-ақ сатушының атауы мен мекенжайы туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылы. - Қауіпсіз тауар (жұмыс, қызмет) алу құқығы
Тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер тұтынушының өмірі мен денсаулығына, мүлкіне және қоршаған ортаға қауіп төндірмеуі тиіс. - Тауарды еркін таңдау құқығы
Тұтынушы өз қалауы мен қажеттілігіне сай тауарды немесе қызметті еркін таңдауға құқылы. - Тиісті сападағы тауар (жұмыс, қызмет) алу құқығы
Сатушы (өндіруші, орындаушы) тауардың, жұмыстың немесе қызметтің сапасын шартта, стандарттарда және нормативтік талаптарда белгіленген деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. - Тиісті және тиісті емес сападағы тауарды айырбастау немесе қайтару құқығы
Тұтынушы белгіленген тәртіпке сәйкес сапалы да, сапасыз да тауарды айырбастауға немесе қайтаруға құқылы. - Зиян мен шығынның орнын толтыру құқығы
Егер тауардың (жұмыстың, қызметтің) кемшіліктерінен тұтынушының өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келсе, ол келтірілген шығынды толық көлемде өтеуді талап етуге құқылы. - Сатып алу фактісін растайтын құжат алу құқығы
Сатушы тұтынушыға сатып алу фактісін растайтын құжатты (чек, түбіртек немесе шарт) беруге міндетті. - Ойындар мен акциялар ұйымдастырушыларына талап қою құқығы
Егер тауар немесе қызмет ұтыс түрінде берілсе, тұтынушы оның сапасына қатысты талаптарды ойын ұйымдастырушысына қоюға құқылы. - Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құру құқығы
Тұтынушылар өз құқықтары мен заңды мүдделерін бірлесіп қорғау мақсатында қоғамдық бірлестіктер құра алады. - Моральдық зиянның орнын толтыру құқығы
Егер тұтынушының жеке мүліктік емес құқықтары бұзылса, ол моральдық зиянды өтеуді талап ете алады. - Құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау құқығы
Тұтынушы өз құқықтарын жеке өзі немесе уәкілетті мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің көмегімен қорғай алады. - Заңдарда көзделген өзге де құқықтар
Тұтынушы Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген басқа құқықтарды да иеленеді.
