Достық пен келісім – қоғамның ішкі тұрақтылығы мен дамуының негізгі тірегі. Қандай да бір мемлекет болсын, оның қуаты тек экономикалық көрсеткіштермен емес, азаматтарының бір-біріне деген сенімі, өзара құрметі және ортақ мақсатқа жұмыла білуімен өлшенеді.
Достық – адамдар арасындағы адамгершілік көпірі болса, келісім – сол көпірді берік ұстап тұратын қоғамдық тетік. Әсіресе көпұлтты қоғамда келісім мәдениетін қалыптастыру ерекше маңызды. Бұл – әр азаматтың құқықтарын құрметтеу, пікір алуандығын қабылдау, даулы мәселелерді диалог арқылы шешу және әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы үйлесімділікті нығайту деген сөз.
Қазіргі кезеңде жаһандық сын-қатерлер күшейген шақта қоғам ішіндегі түсіністік пен бірлік – ұлттық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі. Достық пен келісім принциптерін нығайту арқылы мемлекет өз ішкі тұрақтылығын сақтап қана қоймай, даму үшін қолайлы әлеуметтік орта қалыптастырады.
Сондықтан да бұл құндылықтар тек ұран деңгейінде емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Жастарды толеранттылыққа тәрбиелеу, қоғамда ашық диалогты дамыту, мәдениеттер мен көзқарастар әртүрлілігіне құрметпен қарау – тұрақты әрі дамушы елдің басты формуласы.
С.Баймурзин – Зеренді ауданы Билер алқасының бас биі
