«Адал білім – адал ұрпақ»: Ақмола облысында білім беру саласындағы адалдық мәдениетін нығайтуға бағытталған өңірлік форум өтті
Ақмола облысында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай «Адал білім – адал ұрпақ» тақырыбында өңірлік форум өтті. Іс шара қоғамдағы адалдық пен парасаттылық мәдениетін нығайту, әсіресе жас ұрпақ арасында академиялық адалдықты арттыру мәселелерін талқылауға арналды.
Форумға білім саласының жетекшілері, жоғары оқу орындарының мамандары, колледж өкілдері, жастар ұйымдары және Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері қатысты. Бұдан бөлек, шара барысында қоғамдағы әділдік қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған тәжірибе мен бастамалар талқыланды.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев форумда сөз сөйлей отырып, өңірдегі білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстарға тоқталды.
«Ақмола облысында мектептердің заманауи инфрақұрылымын құруға, оқушыларға қосымша мүмкіндіктер беруге бағытталған маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Соңғы 3 жылда өңірде 19 220 орындық 24 жаңа мектеп салынды. Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында 20 мектеп кешенді түрде жаңғыртылды. Бұл – сапалы білімге қолжетімділікті арттырудағы нақты қадам. Сонымен қатар, биыл Көкшетауда “Казцинк” компаниясының жеке инвестициясы есебінен 500 орындық мектеп салынды. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі», – деді ол.
Сонымен бірге, ол облыста дарынды балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарды атап өтті. Көкшетауда 600 орындық «Білім-инновация» лицей-интернаты салынса, Щучинск қаласындағы «Білім-инновация» IT-лицейі үшін 300 орындық заманауи жатақхана пайдалануға беруге дайындалуда.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай колледж студенттеріне арналған тұрғын орындар мәселесі толық шешілгені белгілі болды. Соңғы үш жылда облыс орталығында 1650 орындық бес жаңа жатақхана салынды, оның екеуі биыл студенттерді қабылдай бастады.
Форум барысында жастардың рөлі ерекше тоқталынды. Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы Жоғары аграрлық-технологиялық колледж басшысының орынбасары Ұлпан Курбаева оқу орнының сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие бағытындағы жұмысы туралы баяндама жасады.
«Студенттер арасында адалдық, әділдік, заңға құрмет, жауапкершілік құндылықтарын нығайту үшін жүйелі түрде “Адалдық сағаттары” және топ сағаттары өткізіледі. ‘Саналы ұрпақ’ клубы жастардың құқықтық мәдениетін арттыруда маңызды рөл атқарады», – деді ол.
Колледж студенттері республикалық деңгейдегі іс-шараларда да жоғары нәтиже көрсетіп келеді. 2024 жылы Атырауда өткен «Адал табыс – адал азамат» республикалық слетінде колледж командасы үздік бестікке енді.
Форум соңында білім беру саласында парасаттылық мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар қатысушылар марапатталды. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері адалдық қағидаттарын ілгерілетуге белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, адалдық пен жауапкершілікке бағытталған бастамаларымен ерекшеленген колледж және жоғары оқу орындарының студенттері де марапатқа ие болды.
