Ана үшін ең бастысы – баласының қауіпсіз, тыныш, татулықта өскені. Әр ана баласының алаңсыз күлгенін, бейбіт ортада өмір сүргенін қалайды. Достық пен келісім бар жерде мейірім болады, ал мейірім орнаған ортада бір-біріне жанашыр, түсіністікке толы бақытты отбасы қалыптасады. Отбасындағы жылы қарым-қатынас баланың мінезіне, дүниетанымына тікелей әсер етеді.
Біз балаларымызға кішкентайынан өзгені құрметтеуді, тіл табыса білуді, сабырмен сөйлесіп, жанжалдан аулақ болуды үйретуіміз керек. Бала ата-анасының ісінен үлгі алады, сондықтан ең алдымен өзіміз сыйластықты көрсете білуіміз маңызды. Осындай тәрбиемен өскен ұрпақ қана болашақта ел ішіндегі татулықты сақтап, қоғамның бірлігіне үлес қоса алады.
Жанна Түлкібаева – Зеренді ауданы аналар кеңесі төрайымының орынбасары
