Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы – елдің қоғамдық-саяси дамуына тың серпін беретін, жаңашылдық пен ашықтыққа негізделген маңызды бастама. Қоғам белсендісі ретінде мен бұл құжаттың дайындалу үдерісінде азаматтардың кеңінен қатысуы ерекше құнды деп есептеймін. Мыңдаған ұсыныстардың жиналып, Комиссия тарапынан жіті қаралуы – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Жаңа Конституцияда адам құқықтарының басымдығы айқындалуы – азаматтық қоғам үшін өте маңызды. Бұл – әр азаматтың қадір-қасиеті мен еркіндігін қорғауға бағытталған берік құқықтық негіз. Әділеттілік, заң үстемдігі, бірлік және татулық сияқты құндылықтардың Конституция деңгейінде бекітілуі қоғамдағы сенімді нығайтып, ел дамуына ортақ жауапкершілікті арттырады.
Парламенттік модельдегі өзгерістер, оның ішінде бір палаталы Құрылтайдың құрылуы және пропорционалды сайлау жүйесінің енгізілуі – саяси институттардың ашықтығын күшейтіп, партиялардың жауапкершілігін арттыратын маңызды қадам. Бұл азаматтардың өкілдік органдарына деген сенімін өсіреді.
Цифрлық құқықтарды қорғауға арналған жаңа нормалар заман талабына толық сәйкес келеді. Қазіргі қоғамда ақпараттық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау мәселесі ерекше мәнге ие, сондықтан бұл өзгерістер азаматтардың цифрлық кеңістіктегі еркіндігі мен қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен бірге зияткерлік меншік құқықтарын күшейту, адвокатураның конституциялық мәртебесін бекіту және «Миранда ережесін» енгізу құқықтық мәдениетті нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл реформалар қоғамның құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық қорғау жүйесін жаңа деңгейге шығарады.
Жалпы алғанда, жаңа Конституцияның жобасы елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған, қоғамның сұранысына жауап беретін және азаматтық қоғамды күшейтетін маңызды тарихи құжат. Біз бұл реформаларды Қазақстанның тұрақты, әділетті және заманауи мемлекет ретінде қалыптасуына ықпал ететін оң өзгеріс деп бағалаймын
Гүлнар Ибраева, Зеренді ауданы аналар кеңесінің төрайымы
