ҚР Конституциясының жаңа жобасы – еліміздің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат. Ардагерлер қауымдастығы бұл бастаманы мемлекет тұрақтылығы мен қоғам бірлігін нығайтуға бағытталған жүйелі қадам ретінде қабылдайды.
Жаңа жобада адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейту мәселелеріне айрықша мән берілген. Бұл – Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан тәжірибені ескере отырып, уақыт талабына сай жасалып отырған өзгерістер.
Ардагерлер үшін ең маңыздысы – Конституцияда әлеуметтік әділеттілік, ұрпақтар сабақтастығы, тарихи жауапкершілік және мемлекетке қызмет ету қағидаттарының сақталуы. Ұсынылып отырған өзгерістер осы құндылықтарды нығайта түседі деп сенеміз.
Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасы азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтіп, қоғамдық бақылау мен жауапкершілікті арттыруға жол ашады. Бұл – демократиялық даму мен азаматтық қоғамды күшейтудің нақты көрінісі.
Ардагерлер кеңесі ел тағдырына бейжай қарамайтын аға буын өкілдері ретінде бұл реформаларды қолдай отырып, қоғамды ортақ мақсатқа, бірлік пен келісімге жұмылдыруды маңызды деп санайды. Конституциялық жаңғыру – болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан тарихи қадам.
С.Баймурзин – Зеренді ауданы Билер алқасының бас биі