ҚР Конституциясының жаңа жобасын талқылау — мемлекетіміздің болашағына тікелей әсер ететін маңызды тарихи қадам. Билер кеңесі бұл үдерісті қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтатын, әділдік пен заң үстемдігін бекемдейтін маңызды бастама ретінде бағалайды.
Жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше мән берілгені қуантады. Бұл өзгерістер елдегі тұрақтылықты сақтап, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға қызмет етеді.
Билер институтының тарихи рөлі — дау-жанжалды бейбіт жолмен шешу, халық бірлігін сақтау және әділ шешім шығару болғаны белгілі. Сондықтан біз Конституция жобасында ұлттық дәстүрлер мен қоғамдық келісім құндылықтарының көрініс табуын маңызды деп санаймыз. Бұл қоғамдағы өзара құрмет пен жауапкершілікті арттыра түседі.
Билер кеңесі азаматтарды жаңа Конституция жобасын белсенді талқылауға қатысып, ел болашағына бейжай қарамауға шақырады. Себебі Конституция — тек құқықтық құжат қана емес, ол мемлекет пен халықтың ортақ келісімінің көрінісі.
Біз, билер кеңесінің мүшелері, ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанның тұрақты дамуына, бірлігі мен өркендеуіне қызмет етеді деп сенеміз.
С.Баймурзин – Зеренді ауданы Билер алқасының бас биі