Ата Заң жаңғыруы: бірлік пен әділдік кепілі

Қазіргі кезеңде қоғамның жаңғыруы мен мемлекеттіліктің нығаюы құқықтық негіздердің сапасына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы – ел болашағын айқындайтын маңызды құжаттардың бірі.
Билер кеңесі ұлттық құқықтық дәстүрлер мен халықтық басқару мәдениетін сақтауды басты құндылық деп санайды. Қазақ даласында билер институты тек дауды шешуші орган ғана емес, әділдік пен бірліктің тірегі болған. Сондықтан жаңа Конституция жобасында әділдік, заң үстемдігі, қоғамдық келісім мен жауапкершілік қағидаттарының нығаюы – уақыт талабына сай шешім.
Жаңа жоба азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және қоғамның пікірін ескеруге бағытталған. Бұл өз кезегінде халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, мемлекет тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Билер кеңесі өкілдерінің пікірінше, Конституция – тек құқықтық акт қана емес, ол елдің рухани келісімінің көрінісі. Сондықтан оны талқылау барысында әр азаматтың дауысы естілуі тиіс. Халықтың тарихи тәжірибесі мен дәстүрлі құндылықтары жаңа құқықтық жүйемен үйлескенде ғана қоғам дамуы берік негізге сүйенеді.
Осыған байланысты Билер кеңесі тұрғындарды Конституция жобасын жан-жақты талқылауға белсенді қатысуға шақырады. Себебі Ата Заң – әрқайсымыздың тағдырымызға әсер ететін ортақ құжат. Оның сапасы елдің ертеңін айқындайды.
С.Баймурзин – Зеренді ауданы Билер алқасының бас биі