Аналар кеңесінің төрайымы ретінде жаңа Конституция жобасымен танысып шыққанда, ең алдымен оның қоғамның әлеуметтік әл-ауқатына бағытталған тұстары назарымды аударды. Құжатта азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік тұрақтылықты күшейту және отбасы институтын нығайтуға қатысты жалпы қағидалар нақты көрсетілген. Бұл – еліміздің болашағы үшін маңызды бағыттардың бірі.
Отбасы, ана мен бала – мемлекеттің негізі. Жаңа конституция жобасындағы құқықтық нормалар осы салаларға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінетінін көрсетеді. Соңғы жылдары қабылданған заңнамалық өзгерістер тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тетіктерін күшейтті, көп балалы отбасыларды, әлеуметтік осал топтарды қолдау жүйесін жетілдірді. Конституциялық деңгейдегі жалпы қағидалардың сақталуы осы саясаттың әрі қарай да жалғасатынын білдіреді.
Қоғамдық қатысу мәселесі де біз үшін өте маңызды. Халықтың әлеуметтік мәселелерді шешуге араласуына, өз пікірін бейбіт және ашық түрде білдіруіне құқықтық негіздің болуы – қоғамдағы сенімді арттырады. Жоба осының бәрін қамтамасыз ететін демократиялық қағидаларды нығайтады.
Біздің кеңес үнемі аналармен, отбасылармен жұмыс істейді, олардың қажеттіліктері мен үміттері бізге жақсы таныс. Сол себепті жаңа Конституция жобасының қоғамдағы үйлесім мен тұрақтылықты сақтауға ықпал ететінін ерекше атап өткім келеді. Бұл құжаттың қабылдануы әлеуметтік қолдау жүйесінің жалғасуына, отбасы мен балалардың құқықтарының одан әрі қорғалуына мүмкіндік береді.
Отбасы берік болса, ел де берік. Сондықтан біз жаңа Конституция жобасынан оң өзгерістер күтеміз және оны қоғамды дамытуға бағытталған маңызды құқықтық негіз ретінде қабылдаймыз.
Гүлнар Ибраева- Зеренді ауданы аналар кеңесінің төрайымы
