Жаңа Конституция жобасының ұсынылуы – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын аса қуанышты әрі маңызды оқиға.

Жобаның басты ерекшелігі – қазіргі қоғамдық қажеттіліктерге толық сай келетін жаңаша құқықтық көзқарас ұсынуы. Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нақты айқындау, өңірлік басқарудың тиімділігін арттыру секілді нормалар еліміздің болашағына зор сенім ұялатады.

Қоғам үшін ең құндысы – тұрақтылық, айқындық және заң үстемдігі. Осы құндылықтардың жаңа жобада сақталып қана қоймай, одан әрі күшейтілуі қуантады. Конституция – ұлттың стратегиялық бағдарын айқындайтын мәңгілік құжат. Сондықтан жобада әрбір норманың түсінікті, қолжетімді және нақты іске асатындай түрде берілуі – өте маңызды әрі құптарлық қадам.

Мен жаңа Конституция жобасын еліміздің дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған байсалды әрі болашағы зор шешім деп бағалаймын. Қоғамдық талқылауға белсенді қатысу – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Бұл бастама – ел ертеңіне қосылған ортақ үлес.

Оралбек Бекішев,
Зеренді ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы