Бұл бастама мемлекеттің құқықтық негіздерін жаңғыртуға, қоғамның сұранысына жауап беретін тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Референдум – халықтың тікелей еркін білдіретін демократиялық құрал, сондықтан оның маңызы айрықша.
Жаңа Конституция жобасы – уақыт талабынан туындаған құжат. Қазіргі кезеңде әлемдік өзгерістер, экономикалық және әлеуметтік сын-қатерлер мемлекеттен икемді әрі жауапты басқару жүйесін талап етеді. Осы тұрғыда ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруды көздейді.
Негізгі заңның жаңартылған нұсқасы билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған. Бұл өз кезегінде мемлекеттік шешімдердің ашықтығын арттырып, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайта түседі.
Референдумның басты ерекшелігі – әрбір азаматтың ел болашағына қатысты шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі. Яғни, бұл тек заңды бекіту рәсімі емес, бұл – мемлекет дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын тарихи таңдау. Сондықтан азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігі ерекше маңызды.
Депутат ретінде атап өткім келеді: жаңа Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, ол елдің болашақ даму моделін айқындайтын бағдар. Оның қабылдануы саяси тұрақтылықты нығайтып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде біздің алдымызда маңызды таңдау тұр. Референдумға қатысу арқылы әрбір азамат өз ұстанымын білдіріп, ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Бұл – бірлігімізді, азаматтық жауапкершілігімізді және мемлекетіміздің болашағына деген сенімімізді танытатын сәт.
Б.Баядилов – Зеренді аудандық мәслихатының депутаты
