Мен Аналар кеңесінің төрағасы ретінде қоғамның тыныс-тіршілігіне, әсіресе ел болашағын айқындайтын конституциялық реформаларға зор жауапкершілікпен қараймын. Бүгінгі біз куә болып отырған өзгерістер – бұл тек құқықтық құжаттың жаңаруы емес, бұл мемлекетіміздің әділеттілік пен адамгершілік принциптеріне негізделген жаңа белеске көтерілуі. Аналар қауымы үшін ең маңыздысы – ұрпағымыздың құқығы қорғалған, әр баланың қабілетіне сай мүмкіндік беретін кемел қоғам орнату. Жаңа Конституция осы игі мақсаттарға жетудің берік іргетасы боларына сеніміміз мол.
Біз өмірдің сан түрлі белесінен өткен, отбасының ғана емес, елдің де берекесін ойлайтын аналар ретінде бірлік пен тұрақтылықтың бағасын жақсы білеміз. Ел тарихындағы әрбір маңызды шешім халықтың тікелей қатысуымен ғана баянды болмақ. Осы ретте, алда келе жатқан 15 наурыз күні біздің азаматтық белсенділігіміз бен біртұтастығымыз сынға түспек. Бұл – біздің ертеңгі күнге, немере-шөберелеріміздің жарқын болашағына салатын ең үлкен инвестициямыз. Әрбір ананың үні, әрбір азаматтың таңдауы мемлекетіміздің алдағы онжылдықтардағы даму бағытын айқындайды. Сондықтан, барша қауымды осы тарихи сәтте жүрек қалауымен, ақыл-парасатымен өз таңдауын жасауға шақырамын. Біздің бүгінгі ауызбіршілігіміз – қуатты Қазақстанның кепілі.
Гүлнар Ибраева -Зеренді ауданы аналар кеңесінің төрағасы
