Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан саяси жаңғырулар мен реформалар қоғамның барлық саласын қамтып отыр. Соның ішінде аса маңызды қадамдардың бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы және оны жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдау мәселесі.
Мен, спорт саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан бапкер ретінде, сондай-ақ Зеренді ауданының Құрметті азаматы ретінде, бұл бастаманы еліміздің болашағы үшін маңызды әрі дер кезінде қолға алынған қадам деп санаймын. Конституция – мемлекеттің басты заңы ғана емес, ол әр азаматтың құқығы мен міндетін, қоғамның даму бағытын айқындайтын негізгі құжат.
Жаңа Конституция жобасында адам құқықтарын қорғау, әділдік пен заң үстемдігін нығайту, билік тармақтарының теңгерімін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту секілді маңызды бағыттар қамтылған. Бұл өзгерістер еліміздің демократиялық дамуын жеделдетіп, азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін арттырады.
Спорт саласында жұмыс істейтін маман ретінде мен жастар тәрбиесінің маңызын ерекше атап өткім келеді. Салауатты ұрпақ – қуатты мемлекеттің негізі. Ал тұрақты заңдық орта, әділ қоғам және ашық басқару жүйесі жастардың өз елінде білім алып, еңбек етіп, табысқа жетуіне жағдай жасайды. Сондықтан Конституцияға енгізілетін өзгерістер болашақ чемпиондардың, ел намысын қорғайтын жас спортшылардың сенімді келешегіне де жол ашады.
Референдум – халықтың еркін білдіретін ең әділ әрі ашық тетік. Әр азамат өз таңдауын жасап, ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетуі тиіс. Бұл – біздің ортақ жауапкершілігіміз.
Ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат жаңа Конституция жобасын қолдап, референдумға қатысу арқылы мемлекеттің дамуына өз үлесін қосады деп сенемін. Бірлік пен жауапкершілік бар жерде ғана тұрақты даму мен өркендеу болады.
Біз бірге болсақ – Қазақстанның болашағы жарқын!
Ж.Мұғжанов-Зеренді ауданының Құрметті азаматы, спорт бапкері
