Еліміздің саяси дамуы мен қоғамдық келісімін нығайту жолында Конституциялық реформалардың маңызы ерекше. Ұсынылып отырған ҚР Конституциясының жаңа жобасы – заман талабына сай мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды құжат.
Қазақстан халқы әрдайым бірлік пен тұрақтылықты басты құндылық ретінде бағалап келеді. Сондықтан Конституцияға енгізілетін өзгерістер де қоғам сұранысынан туындап, әділетті мемлекет құруға негіз болуға тиіс. Жаңа жоба билік тармақтарының жауапкершілігін арттыруға, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға және азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде мен бұл бастаманы елдегі этносаралық келісімді одан әрі нығайтатын, қоғамдағы сенім мен диалог мәдениетін дамытатын қадам деп бағалаймын. Конституция – тек заңдық құжат қана емес, ол – ортақ құндылықтарымыздың айнасы, болашақ даму бағытымыздың кепілі.
Алдағы референдум – әрбір азаматтың ел тағдырына бейжай қарамай, өз таңдауын жасауына берілген мүмкіндік. Сондықтан барша отандастарды осы маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, саналы шешім қабылдауға шақырамын. Бірлігіміз бен ынтымағымыз сақталған жерде ғана реформалар нәтижелі болмақ.
Біздің ортақ мақсатымыз – әділетті, дамыған және берекелі Қазақстанды бірге құру.
М.Әшімбек – ҚХАА мүшесі
