Заң үстемдігі – ел болашағының кепілі
Мен, Зеренді ауданының Құрметті азаматы ретінде, еліміз үшін аса маңызды тарихи кезең – Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасын талқылау және алдағы республикалық референдум қарсаңында өз пікірімді білдіруді азаматтық парызым деп санаймын.
Конституция – бұл мемлекеттің Ата Заңы ғана емес, ол – қоғам дамуының негізгі бағдары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі, ел бірлігінің тірегі. Уақыт ағымына сай өзгерістер енгізу – мемлекеттің тұрақты дамуы мен заман талабына бейімделуінің айқын көрінісі. Сондықтан жаңа жобаның ұсынылуы – еліміздің саяси жүйесін жетілдіруге бағытталған нақты қадам.
Референдум – халықтың өз тағдырын өзі айқындауына мүмкіндік беретін маңызды демократиялық құрал. Әрбір азаматтың дауысы – ел болашағына қосқан үлес. Бұл – жауапкершілік пен белсенділікті талап ететін сәт. Біз бірлігімізді сақтай отырып, әділетті қоғам құру жолында ортақ шешім қабылдауымыз қажет.
Жаңа Конституция жобасында заң үстемдігін нығайту, адам құқықтарын қорғау, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, қоғамдағы ашықтық пен әділдікті арттыру секілді маңызды бағыттар қамтылған. Бұл өзгерістер ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін.
Зеренді өңірінің тұрғындарын алдағы референдумға белсенді қатысып, тарихи шешім қабылдауда өз азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырамын. Әрбір дауыс – болашаққа бағытталған нық қадам.
Бірлігіміз бекем, мемлекетіміз мәңгі болсын!
Т.Тулебаев – Зеренді ауданының Құрметті азаматы