Зеренді ауданының Билер алқасының бас биі С.Баймурзин билер алқасының мүшелерімен Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы мен алдағы референдумға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың маңызы, олардың қоғам өміріндегі рөлі және елдің құқықтық дамуына қосатын үлесі жан-жақты талқыланды. Бас би өз сөзінде Конституция – мемлекет тұрақтылығы мен қоғамдық келісімнің негізі екенін атап өтіп, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытындағы реформалардың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар билер алқасының мүшелері қазақ халқының дәстүрлі билер институтының әділдік, татулық және бірлік қағидаттарына негізделгенін айтып, бүгінгі реформалардың да қоғамдағы әділеттілікті нығайтуға бағытталғанын жеткізді. Жиын барысында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, алдағы референдумға белсенді қатысудың маңызын атап өтті.
Кездесу қорытындысында билер алқасының өкілдері тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, халыққа Конституция жобасының мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру қажеттігін атап өтті.