Еңбек адамы – ел тірегі, Конституция – әділетті қоғамның кепілі

Мен қарапайым жұмысшы мамандық иесі ретінде елімізде болып жатқан маңызды өзгерістерге бейжай қарай алмаймын. Себебі кез келген мемлекеттің дамуы – ең алдымен еңбек адамының жағдайымен, оның құқығының қорғалуымен тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасы қоғамдағы әділдік пен теңдікті нығайтуға бағытталған маңызды құжат деп санаймын.
Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, әр азаматтың құқығы мен бостандығын айқындайтын басты тірек. Жаңа жобада еңбек адамының мәртебесін арттыруға, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге, заң мен тәртіп қағидатын нығайтуға ерекше мән берілгені қуантады. Өйткені елдің дамуы зауытта, өндірісте, құрылыс алаңында, ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың маңдай терімен келеді.
Біз үшін ең бастысы – тұрақтылық, әділдік және ертеңгі күнге деген сенім. Конституцияның жаңа жобасы осы құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Заң үстемдігі сақталған жерде ғана әр азамат өз еңбегінің жемісін көріп, адал жұмыс істеуге ынталы болады. Бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына жол ашады.
Жұмысшы мамандығы – қоғамның берік іргетасы. Бүгінгі таңда мемлекет еңбек адамын қолдауға, олардың құқықтарын қорғауға басымдық беріп отыр. Мұның бәрі Конституцияда көрсетілген қағидаттар арқылы жүзеге асады. Сондықтан әрбір азамат ел болашағына бейжай қарамай, қоғамдағы маңызды өзгерістерге өз көзқарасын білдіруі қажет деп есептеймін.
Біз бәріміз бір мақсат жолында еңбек етіп жүрміз – ол Қазақстанның дамуы мен өркендеуі. Сол себепті жаңа Конституция жобасын қолдау – әділетті, тұрақты және болашағы берік мемлекет құру жолындағы маңызды қадам деп санаймын.
Еңбек адамы ретінде мен еліміздің дамуына, заң мен тәртіптің нығаюына бағытталған бастамаларды әрдайым қолдаймын. Себебі берік заң – берекелі қоғамның кепілі.
Б.Габдульманов- Зеренді ауданы “Жастар рухы” жастар қанатының волонтеры