Мен жас волонтер ретінде қоғам өміріне белсенді қатысуға тырысамын. Соңғы уақытта елімізде жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланып жатыр. Бұл мәселе тек саясаткерлер мен сарапшыларды ғана емес, қарапайым азаматтарды, әсіресе жастарды да толғандырады. Өйткені Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, ол елдің даму бағытын айқындап, қоғамның тұрақтылығы мен бірлігінің негізін қалыптастырады.
Менің ойымша, жаңа Конституция жобасы – еліміздің одан әрі дамуына бағытталған маңызды әрі дер кезінде ұсынылған бастама. Қазіргі әлем қарқынды өзгеріп жатыр: технология дамып, қоғамның қажеттіліктері де жаңарып келеді. Осындай жағдайда мемлекеттің құқықтық негізінің де заман талабына сай жетілдірілуі заңды құбылыс. Бұл Қазақстанның тұрақты дамуына және болашаққа сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді.
Волонтерлік қызмет барысында мен түрлі жастағы және әртүрлі әлеуметтік топтағы адамдармен жиі кездесемін. Олардың көпшілігі еліміздің болашағына бейжай қарамайтынын, мемлекетіміздің одан әрі дамып, өркендегенін қалайтынын байқап жүрмін. Сондықтан жаңа Конституция жобасының қоғамда ашық талқылануы өте маңызды деп санаймын. Бұл – азаматтардың ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтынын және қоғамдық өмірге белсенді араласуға дайын екенін көрсетеді.
Әсіресе жастар үшін мұндай өзгерістердің маңызы зор. Себебі бүгін қабылданатын шешімдер біздің ертеңгі өмірімізге тікелей әсер етеді. Біз – тәуелсіз Қазақстанда өсіп-жетілген буынбыз, сондықтан еліміздің дамуына өз үлесімізді қосуға ұмтыламыз. Жаңа Конституция жобасы да болашаққа бағытталған маңызды қадамдардың бірі деп ойлаймын.
Сонымен қатар, қоғамда мұндай маңызды құжаттың ашық талқылануы елімізде демократиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Әр азамат өз пікірін білдіріп, елдің болашағына қатысты мәселелерге қызығушылық танытуда. Бұл қоғамның азаматтық белсенділігінің артып келе жатқанын аңғартады.
Волонтер ретінде мен бір нәрсені анық түсіндім: елдің күші – оның бірлігі мен ортақ мақсатында. Егер қоғамда өзара түсіністік пен жауапкершілік болса, кез келген өзгеріс оң нәтиже береді. Сондықтан жаңа Конституция жобасы еліміздің тұрақтылығын нығайтып, Қазақстанның болашағына жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін.
Біз, жастар, әрқашан еліміздің дамуына үлес қосуға дайынбыз. Қазақстанның одан әрі гүлденіп, дамыған мемлекеттердің қатарынан көрінуі – біздің ортақ мақсатымыз. Ал жаңа бастамалар мен реформалар осы мақсатқа жетуге берік негіз қалайды деп ойлаймын.
Жанна Абдрахманова- волонтер
