Astana AI Film Festival халықаралық өтінім қабылдауын бастады.

Жұмыстарды aaiff.ai ресми сайты арқылы жолдауға болады.

Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен креаторлар – жеке авторлар да, командалар да қатыса алады. Басты талап – фильм full AI форматында жасалуы тиіс, яғни жасанды интеллект тек қосымша құрал емес, өндірістің негізгі өзегі болуы қажет.
«Біз ерекше ойлайтын, осыған дейін өз көзқарасын жеткізуге мүмкіндігі болмаған адамдардың жұмыстарын көргіміз келеді», – деді фестиваль ұйымдастырушысы Алмас Жали.

Басты байқаудың тақырыбы – «The future worth living in» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ»).
«Біз болашақтың тым негативті сипатталуынан қауіптендік. Сондықтан осы қалыптасқан үрдіске қарсы бағыт ұстанғымыз келді», – деп атап өтті жоба теңавторы Айзатулла Хуссейн.

Өтінім қабылдау 15 тамызға дейін жалғасады. Фестиваль финалы Астанада 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Astana AI Week аясында өтеді.

Байқаудан бөлек, ұйымдастырушылар AI-контентке арналған көрсетілімдер, панельдік пікірталастар және конференция өткізуді жоспарлап отыр.

Astana AI Film Festival кино, технология және цифрлық шығармашылық тоғысқан халықаралық алаң ретінде ұйымдастырылып отыр.