Ақмола облысында балалардың дұрыс тамақтануына басымдық берілуде

Дені сау ұрпақ тәрбиелеу – қоғам алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Баланың физикалық және интеллектуалдық дамуы, иммунитетінің мықты болуы, оқу үлгерімі мен жалпы өмір сапасы күнделікті тұтынатын тағамына тікелей байланысты. Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала денсаулығын қорғау және қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Гүлмира Мұқашева балалар денсаулығын сақтау мәселесінде дұрыс тамақтанудың маңызы туралы брифинг барысында мәлімдеді.

Бүгінде Ақмола облысының медициналық ұйымдарында Балаларды қорғау күніне орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. 25 мамыр мен 5 маусым аралығында өңірдің емханалары мен ауруханаларында ашық есік күндері, дәрігерлердің кеңестері, профилактикалық акциялар және балалар мен ата-аналарға арналған мерекелік шаралар өткізілуде. Бұл бастамалардың басты мақсаты – балалар денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын ерте жастан қалыптастыру мәселелеріне қоғам назарын аудару.

Жазғы демалыс басталған уақытта балалардың күн тәртібі өзгереді. Олар көбірек серуендеп, демалып, саяхаттап, бос уақыттарын қызықты өткізеді. Алайда дәл осы кезеңде дұрыс тамақтану мәселесі өзектілігін арттырады. Көп жағдайда балалар толыққанды астың орнына тәтті тағамдарды, чипсыларды, фастфуд өнімдерін және газдалған сусындарды жиі тұтына бастайды. Тамақтану режимінің бұзылуы олардың ағзасына кері әсер етіп, иммунитеттің әлсіреуіне, шаршағыштықтың артуына және түрлі ауруларға шалдығу қаупінің көбеюіне себеп болады.
Гүлмира Мұқашеваның айтуынша, бала бойындағы пайдалы әдеттер дәл балалық шақта қалыптасады.

«Біз балалардың денсаулығы туралы айтқанда, ең алдымен дұрыс тамақтануға назар аударуымыз қажет. Себебі дұрыс тамақтану – мықты иммунитеттің, жақсы есте сақтау қабілетінің және толыққанды дамудың негізі. Баланың бүгінгі денсаулығы – елдің ертеңгі болашағы», – дейді бөлім басшысы.

Маманның сөзінше, баланың күнделікті ас мәзірінде жаңа піскен көкөністер мен жемістер, дәнді дақылдар, сүт өнімдері, ет, балық, жұмыртқа және бұршақ тұқымдас өнімдер міндетті түрде болуы керек. Өсіп келе жатқан ағзаға ақуыздар, дәрумендер, кальций, темір және басқа да пайдалы микроэлементтер қажет. Ал құрамында қант мөлшері жоғары тағамдар мен сусындарды, тұзды және майлы өнімдерді шектеген жөн.

Бүгінде Ақмола облысында 0-5 жас аралығындағы 56 мыңнан астам бала, 5-15 жас аралығындағы 133 мыңнан астам бала және 36 мыңнан астам жасөспірім тұрады. Сондықтан өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау өңірдегі денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі болып қала береді.

«Баланың дұрыс тамақтануы туған күнінен бастап қалыптасады. Отбасындағы тамақтану мәдениеті, ата-ананың үлгісі, пайдалы өнімдерді таңдау дағдысы – мұның барлығы баланың болашақ денсаулығына әсер етеді. Сондықтан әрбір ата-ана баласының ас мәзіріне жауапкершілікпен қарауы қажет», – дейді Гүлмира Мұқашева.

Мамандардың пікірінше, дені сау ұрпақ тәрбиелеудің ең қарапайым әрі тиімді жолы – дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру. Себебі баланың денсаулығына салынған әрбір қамқорлық – ел болашағына салынған инвестиция.