Ақсуат ауданында «Асыл бесік – Ақсуат» спорт және өнер фестивалі өтіп жатыр

Ұлттық спортты, өнерді, білім мен руханиятты тоғыстырған ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен спортшылар, өнерпаздар мен қонақтар жиналды.

Фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімі Берік Уәли құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңызына тоқталды.

Шара барысында ұйымдастырушылар көп балалы анаға пәтер кілтін тапсырды. Сондай-ақ, «Тарбағатай тарланы», «Асыл ана», «Асыл тас» медальдары, екі студентке грант берілді.

Фестиваль аясында алғаш рет республикалық тоғызқұмалақ турнирі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қазақ күресінен ASSYL ARLAN турнирі, ASSYL TULPAR бәйге жарыстары, аударыспақ сайысы және «Артық білім – кітапта» облыстық зияткерлік байқауы ұйымдастырылуда.

ASSYL ARLAN турнирінде өгіз палуан мен түйе палуан анықталса, ASSYL TULPAR аясында 25 шақырымдық аламан бәйге, 15 шақырымдық топ бәйге және 20 шақырымдық «Ақсуат арғымағы» жарысы өтеді.

Үш күнге жалғасатын фестиваль бағдарламасы Ырғызбай ата кесенесіндегі тағзым шараларынан басталып, ұлттық спорт жарыстары, мәдени-көпшілік іс-шаралар, театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламаларды қамтиды. Фестиваль аясында ASSYLTAS театрының «Ауыл кеші көңілді» музыкалық қойылымы көрсетіліп, гала-концерт ұйымдастырылады