Ақмола облысында түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүрген 200-ден астам жасөспірім анықталды

Ақмола облысында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында үш күн ішінде кәмелетке толмағандар арасында 235 құқық бұзушылық анықталды. Оның басым бөлігі жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз үйден тыс жерде жүруіне қатысты болды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мұндай 222 дерек тіркелген. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың алкогольдік ішімдік тұтынуының 10 фактісі, ұсақ бұзақылықтың 2 дерегі және қоғамдық орында тиісу сипатындағы 1 құқық бұзушылық анықталған.

Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 16 ата-ана мен заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, алкоголь өнімдерін кәмелетке толмағандарға сатқан 4 кәсіпкер жауапқа тартылды.

Профилактикалық жұмыстар барысында ювеналды полиция қызметкерлері есепте тұрған отбасылар мен жасөспірімдерді тексеріп, отбасылық қолайсыздықтың, қараусыз қалудың және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аударды. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде 670-тен астам қолайсыз ата-ана мен 150 кәмелетке толмаған жасөспірім тіркелген. Іс-шара кезінде қосымша 8 ата-ана мен 2 жасөспірім есепке алынды.

Сонымен қатар, өңірде «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Оның аясында ювеналды полиция инспекторлары құқыққа қайшы әрекеттерге бейім кәмелетке толмағандар арасынан үш бейресми көшбасшыны анықтады. Бұдан бөлек, Жарқайың ауданында кәмелетке толмаған жасөспірімнің тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау немесе алып жүру фактісі тіркелді.

Интернет кеңістігін мониторингтеу барысында балалардың өмірі мен денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін ақпараттар жарияланған 56 интернет-ресурс пен жарияланым анықталды.

Ақмола облысының полиция департаменті ата-аналарды жазғы демалыс кезеңінде балалардың қайда жүргенін бақылауды күшейтуге, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды.